Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстандық дипломаттар Украинада тұтқындармен жұмыс істеу жөніндегі штаб өкілдерімен кездесті

Фото: facebook.com/Хочу жить

Қазақстанның Украинадағы уақытша сенімді өкілі Ермек Катренов пен консул Бауыржан Бегәлімов Киевте әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабының өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Украинада Ресей жағында соғысып жатқан қазақстандықтардың тізімін жариялаған "Өмір сүргім келеді" (Хочу жить) жобасының мәліметіне сүйенсек, кездесу Қазақстан тарапының бастамасымен өткен. Алайда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Украинадағы елшілігі бұл келіссөздер туралы әзірге ресми ақпарат таратқан жоқ.

"Хочу жить" жобасының мәліметінше, қазақстандық дипломаттар Украина шенеуніктеріне "Қазақстан билігі жалдамалыларға қатысты істердің тергелу барысын бақылауда ұстайтынын және өз азаматтары арасында тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін" жеткізген. Сондай-ақ, Қазақстанның Украинадағы елшілігі үйлестіру штабымен ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеген.

Айта кетейңк, "Хочу жить" жобасы сәуір айында Украинада Ресей әскерінің қатарында соғысқан немесе соғысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялаған еді. Тізімде 661 адамның есімі бар. Жоба деректеріне сәйкес, 2024 жылдың соңына дейін олардың кемінде 78-і қаза тапқан. 


Украинада тұтқынға түскен қазақстандықтар анық соғысуға барған – Бас прокуратура


Тізім жарияланғаннан кейін украиналық блогер Владимир Золкин YouTube арнасында Украинада тұтқынға түскен үш жігітпен сұхбат жариялады. Үш жігіт те өзін қазақпын деп таныстырған. Сұхбат барысында екі жігіт Қазақстан азаматтары екенін айтса, үшіншісі Қазақстанмен шекаралас Ресей облысынан шыққан этникалық қазақ екенін мәлімдеген. Қазақстан азаматы екенін айтқан тұтқындардың бірі әскери келісімшартқа қол қою арқылы Ресей азаматтығын уәде еткенін, алайда азаматтық алмағанын және Луганск облысында тұтқынға түскенін айтады. Екінші қазақстандық Донецк облысындағы Торецк қаласы үшін болған ұрыстар кезінде қолға түскенін баяндаған.

Аталмыш сұхбат жарияланғаннан кейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі шетелдегі соғыс қимылдарына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертті. Министрлік мәліметінше, Қазақстанның Қылмыстық кодексінде "Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу" және "Жалдамалылық" деп аталатын екі бап бар. Бірінші бап бойынша тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, екіншісі — өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырады.

Еске салсақ, бұған дейін Украина Ресеймен тұтқын алмасу шарасы аясында екі қазақстандық азаматты экстрадициялаған еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 21:11
Талқылау