Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық диплом Қытай, Оңтүстік Корея және Түркияда мойындалатын болды

Фото: pixabay.com

Қазақстанда берілген дипломдар Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяда және Азия-Тынық мұхиты аймағының басқа да елдерінде мойындалатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжіліс 2011 жылы 26 қарашада Токиода ЮНЕСКО-ның қолдауымен қабылданған Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, конвенцияны ратификациялау ұлттық жоғары білім беру жүйесіне деген халықаралық сенімді нығайтады. 

“Бұған дейін, Лиссабон және Болон конвенциялары аясында Еуропа елдерімен ынтымақтастық жасалған болса, енді Азия елдерімен де осындай серіктестік орнайды. Негізгі мақсат - ЮНЕСКО-ның дипломдарды тану туралы жаһандық конвенциясы болуы. Қазақстан әлі оған қосылған жоқ. Сондықтан мұны дипломымызды бүкіл әлемде халықаралық деңгейде тануға бағытталған қадам ретінде қарастырған жөн”, – деді министр. 


Қытайда енді блогерлер дипломсыз медицина мен қаржы тақырыбында сөз қозғай алмайды


Алматыдағы мектептердің бірінде мұғалім жалған дипломмен 18 жыл бойы жұмыс істеді деп айыпталды


Оның айтуынша, биыл оқу жылында Қазақстанға шамамен 35 000 шетелдік студент келді. Олардың көпшілігі Қытай, Үндістан, Пәкістан және Индонезия сияқты Азия елдерінен.

Конвенцияға сәйкес, мүше мемлекеттер білім беру бағдарламаларында айтарлықтай айырмашылықтар болған жағдайларды есепке алмағанда, басқа елдер берген біліктілікті тануға міндетті. 

Мәжіліс мәліметінше, құжат аясында мүше мемлекеттер білім беру бағдарламаларында елеулі айырмашылықтар болмаған жағдайда басқа елдерде берілген жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тануға міндетті болады. Сонымен қатар әр мүше мемлекетте жоғары білім туралы ақпарат беретін ұлттық ақпараттық орталықтар құрылады. Екі елдің білім беру жүйелері, аккредиттелген университеттер және білім сапасын бақылау тетіктері туралы бір-бірімен үнемі, тұрақты түрде ақпарат алмасып отырады.

Қазір Азия-Тынық мұхиты аймағындағы өңірлік конвенцияның тараптары санатында 12 мемлекет бар. Олар Ауғанстан, Армения, Австралия, Қытай, Фиджи, Қасиетті Тақ (Ватикан), Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркия.

Айта кетейік, бұған дейін Енді елімізде қысқа мерзімді курс сертификаттары дипломмен теңестірілетіні туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 16:15
Талқылау