Қазақстандық дәрігер ұшақ бортында науқас қыздың өмірін құтқарып қалды
Қазақстандық дәрігер ұшақ бортында науқас қыздың өмірін құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқиға Fly Arystan әуе компаниясының Шымкенттен Астанаға ұшқан рейсінде болған.
20 жастағы студент қыз есінен танып қалған. Бортсеріктер бірден әрекет етіп, ұшақтағы дәрігерлерді көмекке шақырыпты.
"Көмекке сол ұшақта болған жоғары білікті маман, "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының" анестезиология, реанимация және жаңа туған нәрестелерге интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі, нейрохирург және кардиолог Нұрсұлтан Әуелбекұлы Құрбанбеков келген", — делінген министрлік хабарламасында.
-
Қазақстандық дәрігер Меккеден ұшқан ұшақта жолаушының өмірін құтқарып қалды
-
Павлодарлық дәрігер ұшақ бортында әйелдің өмірін сақтап қалды (видео)
Науқасты тексеру кезінде дәрігер тамырының әлсіз соғып тұрғанын және қан қысымның нөлдік деңгейде екенін анықтады, бұл науқастың жағдайының ауыр екенін көрсетеді. Құбанбеков пен басқа дәрігерлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында қыздың жағдайы бірнеше минут ішінде айтарлықтай жақсарған.
“Анамнезде қандағы гемоглобин деңгейі небәрі 61 екендігі анықталды және қыздың айтуынша, ол емделмеген, бұл есін жоғалтудың себептерінің бірі болуы мүмкін”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін астаналық студент Қызылордадан Астанаға бағыт алған Qazaq Air ұшағында адам өмірін құтқарып қалғаны туралы жазған едік.