Қазақстандық блогерлерге 53 миллиард теңге төлеуге бір ай уақыт берілді
Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық блогерлерге салық бойынша хабарламалар жіберілгенін және жалпы құны 53 миллиард теңгені төлеуге бір ай уақыт берілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Depositphotos.com / photonsk
Комитеттің мәліметінше, 594 адам өз кірістерін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен. Алайда блогерлердің айтуынша, "кірісті төмендету" туралы айыптауға бұдан да көп инфлюенсерлер тап болған.
Ведомство түсіндіргендей, тексеру барысында түрлі көздерден алынған мәліметтер берілген салық декларацияларымен салыстырылды.
"Бақылау шараларын жүргізу кезінде мемлекеттік кіріс органдары уәкілетті мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Түрлі ақпарат көздерінен алынған деректерді ұсынылған салық декларацияларының мәліметтерімен салыстыру қорытындысы бойынша, 594 тұлғада 53,3 миллиард теңгеге сәйкессіздіктер анықталды. Нәтижесінде биыл 13-14 ақпан аралығында "кірістерді төмендету" заң бұзушылықтары бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді, – деп атап өтті ведомствода.
Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі керек.
"Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есебін ұсынуы немесе келіспеген жағдайда түсініктеме беруі қажет. Хабарламаны орындау мерзімі – 30 жұмыс күні", – деп атап өтті ведомство.
Комитет онлайн жарнамадан, тауарлар мен қызметтерді жылжытудан, курстарды сатудан, ұтыс ойындарын өткізуден және коммерциялық қызметтің басқа түрлерінен түсетін барлық табысқа салық салынатынына назар аударды.
"Табыс табу кезінде, оның ішінде әртүрлі интернет ресурстарда (ақпараттық өнімдерді жылжыту немесе сату, әртүрлі оқыту курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және т.б.) онлайн жарнамаларды орналастырудан түсетін салықтарды төлеу қажет екеніне назар аударамыз. Аталған міндеттемелер Қазақстан конституциясында және Салық кодексінде белгіленген", – делінген ведомствоның хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев салық комитетінің бұл әрекетіне наразылығын білдірген еді. Айтуынша, мұнда көрсетілген қаражат дұрыс есептелмеген және тіпті бұрыннан салық төлейтін адамдарға да келген.