Қазақстандық әйелдер 3,4 миллион теңгемен декрет демалысына шыға алады – Ол үшін не істеу керек
Биыл сәуір айынан бастап Қазақстанда бала тууға байланысты жәрдемақыны есептеу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемдер орташа айлық табысқа қарай есептеледі. Бірақ ең төменгі жалақының 7 мөлшерінен аспайды. Демек бір мезгілде бірнеше жерде жұмыс істеп, айына 595 мың теңгеден жоғары жалақы алатын жүкті әйел декрет демалысына шыққанда ең көбі 2 миллион 499 мың теңге алады. Кейбір аналардың да 3 миллион 391 мың 500 теңге алуға құқығы бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Егер қызметкер 2025 жылдың сәуірінде декрет демалысына шықса, оның орташа айлық табысын анықтау кезінде 2024 жылдың сәуірінен 2025 жылдың наурызына дейінгі кезең ескеріледі.
"Егер соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы 595 000 теңгеден асса (жұмыс берушілер санына қарамастан), әйелге жүктілігіне және босануына байланысты әлеуметтік төлем мынадай тәртіппен тағайындалады: 126 күнге еңбекке жарамсыздық парағын беру кезінде – 2 499 000 теңге; 170 күнге еңбекке жарамсыздық парағын беру кезінде – 3 391 500 теңге", – делінген Еңбек министрлігінің хабарламасында.
Айта кетейік, ядролық сынақтан зардап шеккен аймақта тұратын және жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын анықтамасы бар әйелдерге 170 күнге еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Бұл жағдайда декрет төлемдері 3,4 миллион теңге болады.
Орташа айлық табысы 595 мың теңгеден асатын әйелдер жұмыс беруші арқылы қосымша төлем ала алады. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші декрет демалысына қордан төленетін соманы шегеріп, орташа жалақыны сақтап төлейді. Бұл еңбек немесе ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актісімен қаралуы мүмкін. Егер мұндай ереже болмаса, қызметкер оны осы құжаттарға енгізуді талап етуге құқылы.
Ал соңғы 12 айда орташа табысы 595 мың теңгеден төмен әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгермейді.
8 сәуірде күшіне енген бұл өзгерістердің жұмыссыз әйелдерге еш қатысы жоқ. Олар бала туғанда мемлекеттен бірреттік төлем және бала күтімі бойынша жәрдемақы алуды жалғастырады.
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы:
- бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК (149 416 теңге);
- төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (247 716 теңге).
Ал отбасында егіз, үшем немесе төрт бала дүниеге келсе, біржолғы жәрдемақы әр балаға бөлек төленеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жоғары декреттік төлемдерді әділетсіз алған 113 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік.