Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел эпилепсиямен ауыратын науқасты құтқару кезінде жедел жәрдем дәрігерін ұрып-соққан

Степногорск қалалық соты жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшеріне жұдырық ала жүгірген әйелге үкім шығарды. Фельдшер эпилепсиямен ауыратын жігітке көмек көрсетіп жатқан еді. Медициналық қызметкер сол оқиғадан кейін шақыртуларға барудан қорқатынын мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ақмола облысында жедел жәрдем шақыру қылмыстық ісімен аяқталды. Науқасқа көмектесіп жатқан дәрігерге шабуыл жасаған әйелге сот үкім шығарды.

Оқиға өткен жылдың тамыз айында болған. Жедел жәрдем бригадасын үш адамнан тұратын отбасы – егде жастағы ерлі-зайыптылар мен олардың 31 жастағы қызы қарсы алды. Олар науқастың таныстары болған. Мұндай шақырту шұғыл бірінші санатқа жатады, яғни дәрігерлер 10 минутта келуге тиіс. 

Фельдшер Светлана Оксютаның айтуынша, олар жеті минутта, дабыл шамдарын қосып келген. Алайда қарсы алған адамдар бірден агрессия таныта бастаған. Науқасты жедел жәрдем көлігіне отырғызған кезде әйелдер дәрігерлермен бірге барғысы келіп, "бәрін түсіреміз" деп мәлімдеген.

Фельдшер олардың науқастың туыстары емес екенін айтып, көлікке кіруге рұқсат бермейді. Алайда әйелдер жедел жәрдемге кіруге қайта-қайта әрекет жасады. Медициналық қызметкер жолдарын бөгеген кезде, олардың бірі оған бірнеше соққы жасаған. Соған қарамастан фельдшер эпилепсиямен ауыратын науқасқа көмектесуді жалғастырды.

Полиция "Кәсіби міндетін орындау кезінде медициналық қызметкердің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Айыпталушылардың бірі сотқа тартылып, 400 сағаттық қоғамдық жұмыс істеу жазасына кесілді. Сонымен қатар оның мінез-құлқына ерекше талаптар қойылды. Бұдан бөлек сот шешімімен фельдшер Светлана Оксютаға сотталушы 90 мың теңге материалдық шығын және 500 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Қостанайда науқастың шақыртуына барған жедел жәрдем қызметкері Анель Баймурзинаның өзі соққы алып, ауруханадан бір-ақ шықты. Оған науқастың жақындары шабуыл жасаған. Анель Баймурзинаның айтуынша, ол сол түні түнгі ауысымға түскен. Жедел жәрдемге “Демікпе, жүрек” деп шақырту түскен.

Талқылау