Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петиция жариялады

Қазақстандық ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петиция жарияладыФото: istockphoto.com

Қазақстандық ата-аналар мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ата-аналар міндетті мектеп формасын алып тастау туралы петицияға қол жинауды бастады.

Кейбір ата-аналар мектеп формасының бағасы қымбат болғандықтан, оны міндетті етпеу керек деп санайды. Ата-аналар баланың үлгерімі оның үстіндегі киіміне байланысты емес екеніне сенімді. Сондықтан оқушыға өз қалауындағы киіммен баруға еркіндік беру қажет деп қол жинау басталған. Әзірге петиция 156 ғана қол жинапты.

Сатушылардың айтуынша, жыл сайын мектеп формасының құны шамамен 10-15% қымбаттайды. 

Қазір бірқатар жекеменшік мектептер өздерінің арнайы формасын енгізсе, мемлекеттік білім ордаларында ғана бірыңғай үлгі сақталып отыр. Алайда саудагерлердің айтуынша, бұл жағдай сатылымға айтарлықтай әсер етпеген. Өйткені форма міндетті болғандықтан, ата-аналар бәрібір сатып алуға мәжбүр. 

“Сұраныс азайды деп айта алмаймын. Тек сауда арналары өзгерді. Қазір көптеген маркетплейстер, ыңғайлырақ сату жолдары пайда болды. Бұл офлайн бизнесті біраз әлсіретті. Бірақ жалпы нарықтың кішірейіп жатыр деп айтпас едім. Ал менің ойымша, стандартты форма сақталуы керек, яғни, ақ көйлек пен төменгі бөлігінде қара түс”, – дейді кәсіпкер Юрий Ким.

Жауапты министрлік те әрбір оқушы міндетті мектеп формасын киюі тиіс деп санайды. Біркелкі киім үлгісі оқу орнында тәртіп пен іскерлік атмосфераны қалыптастырып, балалардың назарын білім алуға аударады дейді жауаптылар.

“Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында міндетті мектеп формасына қатысты барлық қажет құқықтық негіздер бекітілген. Әрбір мектеп сол талаптың аясында жұмыс істеуге тиіс. Оқушылардың мектеп формасы классикалық үлгіде және бірыңғай түстік гаммада сақталуы керек. Барлық оқушының біркелкі іскерлік, оқу атмосферасын қалыптастыруға көмектеседі. Оқушылар бір-бірінің сәні мен сыртқы келбетіне емес, тек білім алуға көңіл бөле алады. Сонымен қатар мектеп формасы оқушылар арасындағы теңдікті нығайтады. Бұл буллинг пен балалардың бір-бірін күлкі ету жағдайын азайтады”, – дейді оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Дегенмен петицияға қажетті қол жиналса, жауапты органдар оны қарауға міндетті. Әзірге ата-аналардың қымбат болса да, биылғы оқу жылына қамданудан басқа амалы жоқ.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 13 Тамыз, 2025 22:55
Талқылау
`