Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иманбек, Сәкен Бибосынов, Сәуле Омарова: 2021 жылы қазақстандықтар кімдерді мақтан етті

Биыл елімізге жүлде әкеліп, абыройымызды асқақтатқандар аз болмады. Өз өнерлерімен, істерімен күллі әлемге Қазақстанның атын шығарғандар мен ел ішінде баршаға үлгі болған тұлғалар тізімін Stan.kz тілшісі құрастырды. 

Иманбек Зейкенов 

Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің (Imanbek) америкалық орындаушы SAINt JHN-дің "Roses" әнініне жазған ремиксі "Грэмми" алды. Imanbek-ке  "Үздік ремикс" үшін берілетін Грэммиді Ұлттық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы табыстады.

Зейкеновтың туындысы Apple Music-тің үздік ондығына енді. Ал Shazam музыкалық қосымшасында 6,5 миллионнан аса қаралым жинаған. Сондай-ақ, Яндекс-музыка чартында 5-орынға ілігіп, Spotify-та 4 миллионнан аса тыңдалып, рэп әншісі Saint Jhn-нің YouTube-арнасында миллионнан аса қаралған. 

Айта кетсек, Иманбек – ТМД елдерінде Grammy сыйлығын иеленген алғашқы музыкант. 

БибосыновCәкен Бибосынов

Сәкен Бибосынов 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге ие болып, 52 кг салмақ арасында бокстан әлем чемпионы атанды.

Ол әуесқой бокспен 2015 жылдан бері айналысып келе жатыр. Бұған қоса ол 2019 жылы Екатеринбургтегі әлем чемпионаты мен биыл өткен Токио Олимпиадасында қола жүлдеге ие болды.

Оның кәсіби боксқа келгеніне 6 жылдан асқан. 2015 жылдан бастап шаршы алаңда бағын сынаған Сәкен жастар арасында өткен ел чемпионатының жеңімпазы атанған. Қазіргі таңда боксшының жеке жаттықтырушысы – Мырзағали Айтжанов. Сонымен қатар түркістандық боксшы Сербияда өткен халықаралық Belgrade Winner турнирінің жеңімпазы атанған.



Димаш Құдайберген

Биыл Димаш Құдайберген еліміздің абыройын тағы бір рет асқақтатты. Бұл жолы ерекше талант иесі дауысымен де, келбетімен де өзге ұлттардың ерекше ықыласына ие болды. Ол биыл Азиядағы ең тартымды ер адам номинациясын алды. King Choice сайтындағы онлайн таңдау кезінде ол 9,3 миллион дауыс жинаған.

Айта кетсек, бұған қоса Димаш америкалық Forbes парақшасына енген болатын. Димаш Құдайбергеннің Fly Away әні америкалық Forbes журналы құрастырған Twitter желісіндегі ең көп талқыланған тректер рейтингіне еніп, тізімде 6-орынға тұрақтады.

Сондай-ақ, ол Америкалық NetBase Quid тәуелсіз зерттеу компаниясының зерттеуіне сәйкес әлеуметтік желілерде есімі көп аталған үздік он әртістің қатарына кірді. 

 

Данияр Елеусінов

Биыл Данияр Елеусінов IBO тұжырымы бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанды. Ол аргентиналық Хуан Эрнан Леанмен жұдырықтасты.

12 раундқа созылған жекпе-жекте Елеусінов қарсыласын екінші раундта екі рет, бірінші раундта бір рет нокаутқа түсірген. Төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.  

Елеусінов – әлем чемпионы белбеуін иеленген бесінші қазақстандық.

 

Рухия Байдүкенова

2021 жылы 19 шілдеде талантты әнші Рухия Байдүкенова Витебскіде өткен “Славян базары” халықаралық өнер фестивалінде Қазақ елінің намысын қорғап, бас жүлдені иеленді.

Кішкентайынан шығармашылыққа жақын болған ару 7 жыл өнер мектебінде оқып, кейін Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне түскен.

Рухия “Славян базары” байқауының іріктеуіне 3 жыл қатарынан қатысқан. Үшінші жылы іріктеуден өтіп, ел абыройын асқақтатып, жеңіске жетті.

Бала кезінен осы байқауды көріп өскен ару осы жылы арманына жетіп, қазақ елінің мәртебесін көтерді.

 

Жәнібек Әлімханұлы 

Жәнібек Әлімханұлы бүкіл әлемдік бокс федерациясының нұсқауымен осы жылы чемпиондық белбеуге үміткерлік атағын иеленді. 

21 қарашада Лас-Вегаста Әлімханұлы бұрынғы әлем чемпионы Хассан Н`Дам Н`Жикамды жеңді.

Енді Әлімханұлы чемпиондық белбеуінің иесі Деметриус Андрадемен жекпе-жекке шығуы керек. Бокс ұйымы 200 мың доллар беретін промоутерлік сауда ұйымдастыруды көздеуде. 

Әлімханұлы – бокста үлкен жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыздың бірі.

 

Қамшыбек Қоңқабаев

Алматыда өткен бокс кешінде Қамшыбек Қоңқабаев қарсыласын жеңіп, WBA Gold белбеуін иеленді. Бұл Қамшыбектің кәсіби рингтегі төртінші жеңісі болды.

Қоңқабаев

Қоңқабаев (3-0, 3 КО) пен Стивен Уорд (13-1, 4 КО) арасындағы кездесу бокс кешінің басты жекпе-жегі болды. Боксшылар WBA Gold нұсқасы бойынша белбеуді сарапқа салды. 

Бұған қоса Қоңқабаев Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында 91 келіден жоғары салмақта дәреже бойынша қола жүлдеге ие болды. Ол жартылай финалда америкалық Ричард Торреспен жұдырықтасты. Төрешілер шешімі бойынша қазақстандық боксшы америкалықтан жеңіліп қалды. Сөйтіп, Қазақстан қоржынына төртінші қола медальді салды. 

 

Токио Олимпиадасының жүлдегерлері 

Биыл жазда өткен Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 8 қола медальді еншіледі. Ел намысын көтеріп, жүлдеге ие болғандардың қатарында дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон және Зульфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов, палуан Нұрислам Санаев және каратэшілер Дархан Асаділов пен Софья Берульцева бар. 

Олимпиададағы жеңістері үшін Елдос Сметов ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен,  Зульфия  Чиншанло ІІ дәрежелі "Достық” орденімен,  Дархан Асәділов, Софья Берульцева, Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев,  Нурислам Санаев, Игорь Сон "Құрмет" орденімен марапатталды. 

Айта кетсек, Олимпиада ойындарының нәтижелері бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 83-орынға тұрақтады. Бұл жолы әлемдік додадан Қазақстан алғаш рет алтынсыз оралды. 

 

Паралимпиада жүлдегерлері

Паралимпиадашылар үшін Токиодағы сайыс сәтті өтті. Қазақстан құрамасы дүбірлі додада 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль еншіледі. Давид Дегтярев (пара пауэрлифтинг) чемпион атанды. Парадзюдошылар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина күміс алса, суға жүзуші Нұрдәулет Жұмағали қола жүлдегер атанды. Жалпы командалық есепте Қазақстан 51-орынға табан тіреді.

Алған жүлделері үшін паралимпиадашылар Давид Дегтярев ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен, Зарина Байбатинаны, Теміржан Дәулетті, Ануар Сәриев "Парасат" орденімен, Нұрдәулет Жұмағали "Құрмет" орденімен марапатталды. 

 

 

Құрмет Талапқазы

Спортышылар мен өнерпаздардан бөлек қазақстандықтар мақтан еткен отандасымыздың бірі Құрмет Талапқазы болды. Ол – 2021 жылы қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау мен Қызылорда өңірлеріне вагон-вагон шөп шауып, тегін жеткізіп берген белсенді азамат. Оның осы жақсылығының арқасында қар мен жауын тапшылығынан  зиян шегіп, мал өлімі көп болған Батыс өңіріндегі шаруалар үлкен қолдау көрді. 

Құрметтің халықты көмектесуге шақырған видеосы әлеуметтік желілерде тарап, көпшілікті бауырмалдылыққа үндейді. Қытайдың Алтай өңірінде дүниеге келген ол 3 жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған және ата-жұртына барынша пайдасын тигізуге тырысады.

Желіде өзгелерді бірігуге шақырған Құрмет көп ұзамай ел ішінен біршама ерікті жинап, шөп шабуды жиілетіп, көмек қолын кеңейтті. Жаз бойы шөп шабумен айналысқан ол оқудан шығып қалған болатын. Алайда оның бұл ерлігін естіген Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы университет Құрметті тегін оқуға қайта қабылдаған. Ал желтоқсан айында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеев Құрметтің ерен еңбегі үшін “Құрмет” грамотасымен марапаттаған.

Айта кетсек, Stan.kz редакциясы Құрмет Талапқазыны “Жыл адамы” деп таныды.

 

Балнұр Ермекбаева

Балнұр Ермекбаева – қуаңшылықтан қиналған Маңғыстау облысына алғашқылардың бірі болып 30 тонна жем-шөп жіберген батыр ару. Негізгі мамандығы педагог-психолог Балнұр нәзік жанды болса да кәсіпкерлердің басын қосып шөп жинауға, оны Маңғыстау мен Ақтөбедегі қиналған шаруаларға жеткізуде үлкен табандылық көрсетті. 

Ол кішкентай баласын үйіне тастап, күннің ыстығында таң атқаннан кеш батқанға дейін шөп шабуға көмектесіп жүрген. Осылайша 30 тоннадан астам мал азығын қажетті өңірлерге жөнелткен. Айтуынша, үлкен қиындықтардың бірі де сол көлік мәселесі болған екен. Логистикалық компанияларды төмен бағаға келістіре жүріп, тасымалданған шөп автокөлігі жауын әсерінен жерге батып қалған. Алайда бұл кедергілер қуаңшылық салдарын көріп отырған шаруалардың қиындықтарының қасында түк емес екендігін айтады. 

“Shopan ata” ұлттық мал өсірушілер қауымдастығымен еңбектенген Балнұр көптеген азаматтарға үлгі болып, халық алғысына ие болды.

 

Сая Ақпарова

Сая Ақпарова Павлодар облыстық жедел-жәрдемінің фельдшері боран кезінде медициналық көмекке зәру болған науқасты екі шақырым жердегі көлікке көтеріп апарған. Ол “Ертіс дарыны – 2021” жастар сыйлығымен марапатталды. 

Боран болған кезде жедел-жәрдемге миокард инфаркті бойынша Жетекші ауылынан хабарлама түскен. Ауа райы салдарынан жол жабылып, фельдшерлердің мекенжайға ары қарау жаяу жетуіне тура келген. Науқасты тексерістен өткізіп, инфаркт екені анықталған және өкпесі ісіп кеткен. Жағдайы тұрақты болғанымен, аурухана жатқызылуы керек еді. Басында шанамен жеткізуді ойлаған ақ халаттыға омбы қар кедергі болып, өкпені желдеткіш аппаратқа да қосуға кедергі жасаған. Кейін олар науқасты зембілге салып, көлікке дейін жеткізген. 

Нәзік жанды жұмыс барысында омыртқасын ауыртып, суық та тигізген. Алайда ол қандай жағдай болмасын өз жұмысын шын көңілімен атқарғанды ұнататынын айтады. Науқас емделіп шыққан соң аруға шексіз алғысын білдірген. 

Сая Ақпарова “Қайырымдылық керуені” ІІІ республикалық байқауының “Батыл жүрек” номинациясының лауреаты атанған және пандемия кезінде де ковид топтың қатарында қызмет атқарған.

 

Сәуле Омарова

Корнель университетінің профессоры Сәуле Омароваға АҚШ  президенті Джо Байден Конгресс сенатына ақша айналымын бақылау басқармасының басшысы лауазымын ұсынған болатын. 

Бұл қызметке осыған дейін екі адам үміткер болған. Алайда Демократиялық партия арасында тартыс болғандықтан, екі кандидатурадан да ақ үй бас тартты.  Байден әкімшілігі жаңа үміткер атанған Омарованың кандидатурасын тексерістен өткізген. Алайда Сәуле Омарова Қаржы министрлігіндегі орыннан бас тартуға шешім қабылдады. Себебі ары қарай өз кандидатурасын ұсынуды орынсыз деп санаған.

Корнелл университетінен басқа, ол Солтүстік Каролина университетінің заң мектебінде профессор болған. ММУ, Висконсин университеті және Солтүстік-Батыс құқық университетін бітірген. Джордж Буш президент болған кезде Сәуле Омарова қаржы министрлігінің реттеу саясаты бойынша арнайы кеңесшісі болған және Davis Polk & Wardwell заңгерлік фирмасында бес жыл жұмыс істеп шыққан. Дегенмен Қазақстан тумасы АҚШ Қаржы министрлігінде банктердің реттеушісі лауазымына тағайындалудан бас тартты.

Ағайынды Бейсеқожалар

Ағайынды Бейсеқожалар өз таланттарымен Германия халқын таңдандырып, көрнекті композитор ретінде танылды. 

Әлеуметтік желі арқылы өнерлері байқалған Бейсеқожаларды Германияда өтетін концертте өнер көрсетуге шақырған. Осылайша неміс сахнасында пианино мен домбыра үнін әуелеткен таланттар барша жұртшылықтың назарына ілігіп, Германия халқы күйші композиторлар деп атақ берген. 

Пианинодағы 15 жасар Нұрәлі Бисеқожа мен домбырамыздағы 20 жасар Ғаламат Бейсеқожаның  өнеріне Германия жұртшылығы ерекше қошемет көрсеткен. 

 

Олжас Нұрланов

Олжас Нұрланов аккордионшылар арасындағы 74-ші халықаралық музыкалық байқауда үлкен марапатқа ие болды. 

Жыл сайн өтетін аккордионшылар арасындағы чемпионатта жүзден астам музыканттар қатысады. 22 жастағы қазақстандық баяншы 32 жасқа дейінгі қатысушылар арасында “Senior Coupe Mondiale” санатында жеңіске жеткен.

Ол музыкамен 6 жасынан бері айналысып келеді. Алғашқы ұстазы ҚР-ның білім беру саласындағы құрметті қызметкер Мейірман Әлімқұлов болған. 8 жасынан сайыс-конкурстарға қатысқан таланттың репертуарында халық классикасынан бастап заманауи музыкаға дейін бар. 

2012 жылы “Қазақстан баян фестте” жас талант “Баян музыкасының болашағы” атағын иеленіп, Қытайда өткен IV халықаралық баяншылар конкурсының жеңімпазы атанды. 

 

Әлім Бейсенбаев

23 жасар Әлім Бейсенбаев Лидсте өткен 20-халықаралық пионистер байқауында бас жүлдеге ие болды. Лауреатқа Уотерманның алтын медалі мен 25 мың фунт стерлинг (14,5 миллион теңге) сыйақы берілген. Сонымен қатар Warner Classics-пен жазба шарты және Steinway&Sons ұйымдастыратын еуропалық турды қамтитын жүлде пакеті ұсынылған.

Әлім көрермен көзайымына да айналды. ХХ-ХХІ ғасырдағы шығармаларды үздік орындағаны үшін Ливерпуль Корольдік филармониялық қоғамының сыйлығына ие болды.

Байқауда екінші орынды Жапониялық Кайто Кобаяши, үшінші орынды Израильдік  Ариель Лани алды. Әлім Бейсембаев – Лидстегі пианистер байқауының тарихындағы бірінші қазақстандық лауреат. Қазір ол Лондондағы Корольдік музыка колледжінің магистратурасында профессорлар Ванесса Латарш пен Дмитрий Алексеевтен білім алуда.

Жас талант Веймардағы Лист атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауының, Манчестердегі пианистер байқауының және Ван Клиберн атындағы I Халықаралық жас пианистер байқауының жеңімпазы болған. 2016 жылдың қыркүйегінен бастап Лондондағы Корольдік музыка академиясында Тесса Николсоннан білім алған.

 

Домбырашылар Темірлан Олжабаев пен Ернат Наурыз

Қазақстандық домбырашылар Темірлан Олжабаев пен Ернат Наурыз Golden Time Talent халықаралық байқауында бірінші орынды иеленді. 

2018 жылы халықаралық байқауда көзге түскен жас таланттарды АҚШ-та осы конкурсқа қатысуға ресми түрде шақырған. 

Домбырашылар екі бөлімен тұратын сайыстың алғашқы турында Құрманғазы мен Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін, екінші турда Вивальдидің “Жыл мезгілдері циклінен” орындаған. Алтын  медаль иеленген дарындылар кейін Ұлыбританиядағы жиынға қатысуға шақыртылған. 

68 елден қатысушылар келген байқауда біздің жігіттер топ жарды. Олар бүгінде өздерін продюсер мен демеушілердің көмегінсіз дамытуда.  Темірлан мен Ернат – Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері. Бір топта оқитын достар әр түрлі шараларда бірге өнер көрсетіп бастаған. 

Таланттар жеңістің басты құралы болған қазақы күйден әлемдік музыкаларға дейін ойнағанда өзге ұлттықтарды таңдандырған қос ішекті домбыра екенін айтады.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр