Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы жалған емшілер адамдардың өмірін қалай құртады

Бүгінде бақсы-балгерлер мен жалған емшілер телебағдарламалардың қаһармандарына айналды. Ал газет беттерінде 100 пайыздық нәтижені уәде ететін жарнамалардан көз сүрінеді. Алайда мұндай мамандардың барлығына сенім артуға болмайды, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жұлдызнамашылар әйелдерге күйеуімен ажырасуға кеңес береді, емшілер миллиондаған ақшаға адам бойында жоқ қатерлі ісікті емдейді, ал басқалары еркектерді өлгенше сабап, жын шығарады. Дін мәселелерін зерттеу орталығы ассоциасциясының директоры Юлия Денисенко қазақстандықтардың оккульттық ұйымдардың құрбаны болғаны жайлы оқиғаларды айтып берді.

Жоғарыда аталған мысалдардың бәрі ойдан шығарылмаған. Ол туралы «114 жедел желісінің» дін қатынастары саласындағы кеңес және практикалық көмек беру мамандарына қазақстандықтардың өздері айтып берген.

«114 жедел желісі» 2013 жылы Дін мәселелерін зерттеу орталығы ассоциациясымен ашылған. Ол Қазақстандағы ғана емес, ТМД кеңістігіндегі бірегей бастама болып табылады.

Юлия Денисенконың сөзінше, көп адам ислам діні мәселесі бойынша қоңырау шалады екен. Сонымен қатар адамдар мемлекеттің лаңкестікке қарсы күресі, мектепке хиджаб киіп келу туралы жиі сұрайтын көрінеді.

Жыл басынан бері Ақмола, Жымбыл, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облысы тұрғындарына көп кеңес берілген. «114 жедел желісі» жұмысы басталғалы бері 18 азамат Қазақстанның әр өңіріндегі тыйым салынған діни топтар туралы хабарлаған. Кей деректерде Қазақстанда 2009 жылдан бері тыйым салынған «Ата жолы», «Әллә Аят» ұйымдары туралы сөз болған.

«Ата жолының» әдісі қарапайым. Тіпті, жабайылық деуге де болады. Жаңадан келген адамға емдік курстан өту ұсынылады. Ол үшін қамшымен сабап, «ата-баба әруағымен» тілдесу үшін қасиетті орындарға барады. Ұйымға жаңадан қосылған адамға бойында емшілік қасиет бар екенін айтып, «аққу» немесе «сұңқар» атауын береді.  Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын Петропавлда ер адамды өлгенше қамшымен сабаған. Осылайша оның бойындағы жынды шығарған екен. Ал бұдан басқа қайғылы оқиға Қостанай облысында орын алған. Үш баланың анасы «Әллә Аят» құтқарады деп сенгендіктен, ауруханаға жатудан бас тартқан. Әйел сырқаттан көз жұмып, балалары жетім қалды», – дейді Денисенко.

Ал көріпкел-жұлдызнамашының кеңесі үшін 16 жыл бірге тұрған күйеуімен ажырасқан әйелдің оқиғасы әлдеқайда күрделі сипатқа ие болған-ды. Көріпкел тұрмыстағы әйелге күйеуі «жұлдызды» қосағы емес екенін, жар таңдауда қателескенін айтқан. Мұнан кейін ажырасып кеткен әйелден 5 жыл бойы қабылдауға келіп, әр келгенінде 100 АҚШ долларын төлеуі керектігін жеткізген. Сонда өзінің өмірлік серігін табады екен.

«Бұл жағдайда бәрі ажырасумен аяқталды. Бірақ мұндай жағдайлар көбейіп кетті. Мен клиент тартып, оларды ұстап қалу үшін сананы басқару әдісін қолданатын психолгтарға таңданамын. Олар бастапқыда адамды отбасын бұзуға итермелейді. Мысалы, жұбайының көзіне шөп салуға кеңес береді. Мұнан кейін ерлі-зайыптыларды қайта жарастыру үшін, клиентіне ұзақ уақыт бойы «емдейді». Емнің құны да арзан емес», – дейді маман.

Жалпы алғанда, адам көріпкел немесе бақсы-балгерге барғанда бейсаналы түрде сенеді. Себебі олар үшін мұндай «мамандар» – көмек қолын созатын соңғы адам. Алайда олар ешқандай көмек көрсете алмайды.

«Бәлкім, аутотренинг, өзін-өзі сендірудің көмегімен адам қиындығынан уақытша құтылғандай болады. Бірақ мұнан әрі жағдай нашарлай түседі. Әдетте, емшілер заңсыз жұмыс жасайды. Олар адамдардың басындағы қайғы мен тілек-қалаулары арқылы жеңіл ақша табады. Бұл ауа сатқанмен тең. Сіз мұнан кейін шағымдана алмайсыз да. Мұндай тауардың сапасын қалай тексеруге болады? Әрине, тексеруге келмейді. Бұл – тиімді бизнес. Сондықтан кейінгі уақытта жалған емшілер көбейіп кетті», – дейді Дін мәселелерін зерртеу орталығы ассоциациясының директоры.

Маман келтірген кезекті оқиғада емші  әйел адамды ұзақ уақыт бойы қатерлі ісіктен емдеген. Ол үшін миллиондаған ақша талап еткен. Алайда ауруханада емделуді ұйғарған әйел бойында ешқандай қатерлі ісік жоқ екенін білген. Мұнан кейін алаяқтық фактін дәлелдеуге және ақшасын қайтаруға тырысқан әйелдің әрекеті еш нәтиже бермеді. Қолында еш дәлелі болмағандықтан, әйел құқық қорғау органдарында алданып қалғанын дәлелдей алмады.

«Емшілердің әрекеті жалған екеін тексерудің бір әдісі бар. Егер олар адамдардың ауруынан айығуына шынымен көмектессе, жүздеген адам кезекте тұрып, барлық ауруханалар жабылып қалар еді», – дейді Денисенко.

Юлия Денисенконың айтуынша, адам қиналған кезде психологтар мен кеңес берушілер емес, жақын туыстары ғана шынайы көмек бере алады. Олар жақынының оңалуына көмектесуі тиіс. Сонымен қатар «жұрт не ойлайды?» деген қатып қалған пікірден арылып, ғажайыпқа аз сену керек.

Оқи отырыңыз:

Алматыда «Оңай» терминалдары жаппай істен шықты

Жауынгер ақмолалық тұрғынның өмірін аман алып қалды

Астана тұрғыны сот залында жәбірленушіні ұрып-соқты

Энергетика министрлігі Қазақстанда радиоактивті заттар жайылып кетті деген ақпаратты жоққа шығарды

Талқылау