Бағаны келісіп көтерген: Қазақстандағы ұялы байланыс операторларына қатысты тергеу басталды
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Кселл, Tele2/Altel және Beeline ұялы байланыс операторларына қатысты тергеп-тексеруді бастады. Себебі аталған операторлар 2023 жылы тарифтердің бағасын өзара келісіп, көтеріп жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бұған компаниялардың желтоқсан айынан бастап тарифтік пакеттердің қымбаттайтыны туралы абоненттерге ескертуі себеп болды. Агенттік жыл ішіндегі баға динамикасына талдау жүргізіп, құқықтық бағасын беретінін мәлімдеді. Қазір үш компанияға қатысты тергеу өткен жылдың баға тексерісінен кейін жүргізіліп жатыр. Олар Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2/Altel) және "КаР-Тел".
ЖШС (Beeline) операторларына қатысты Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы (Нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері) бойынша тарифтердің келісілген түрде көтерілуіне қатысты тергеп-тексерулерді бастағаны айтылды.
"Сонымен қатар ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарларда бір минуттық қоңырау құнының 18 теңге мөлшерінде бірдей бағасын белгілеу әрекеттерінде құқық бұзушылық белгілері анықталғанына байланысты, операторларға осы белгілерді жою туралы хабарламалар жіберілді. Хабарламаларда бағаны негізделген түрде төмендету қажеттігі көрсетілген. Ұялы байланыс операторлары қабылданған шараларға қатысты сот органдарына шағым түсірді. Осыған байланысты тергеу істері тиісті сот шешімдері қабылданғанға дейін тоқтатылды", – делінген хабарламада.
2024 жылғы 19 қарашада елордадағы агенттіктің департаменті "КаР-Тел" ЖШС-ға қатысты үй интернетінің жылдамдығын тарифтік пакеттерде таңдауға тұтынушыларды шектеу арқылы үстем жағдайды теріс пайдалану белгілерін жою туралы хабарлама шығарған. Сонымен қатар "Қазақтелеком" АҚ-ға қатысты осындай заңбұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру басталды.
"2024 жылы бағаның өсу деректері бойынша Агенттік ағымдағы кезеңдегі баға динамикасына талдау жүргізеді. Оның нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық шара қолданылады", – делінген хабарламада.
2024 жылғы желтоқсаннан бастап тарифтердің көтерілуі туралы операторлардың БАҚ-та жарияланымдарына байланысты агенттік ұялы байланыс операторларына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңды бұзуға жол бермеу туралы ескерту жасады.
Еске салайық, бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ұялы байланыс операторлары тарифтерді көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Министрдің айтуынша, үкімет кәсіпкерлік кодекске сәйкес еркін нарықта бағаны реттей алмайды, бірақ операторлар байланыс сапасын жақсарту үшін қомақты инвестиция салуға міндеттелген. Beeline компаниясымен алдағы бес жылда 1 миллиард доллар инвестициялау туралы келісім жасалған. Министр халықты сапалы интернетпен қамтамасыз етуге уәде беріп, интернет трафигін тиімді пайдалану үшін Wi-Fi желісіне қосылуды ұсынды.