Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы платформалық жұмыспен қамту жобасына 30-дан астам платформа қосылмақ

6 ақпанда Астанада "Қазақстандағы қалалық мобильділікті дамыту" форумы өтті. Шарада көлік және қалалық инфрақұрылымның тұрақты дамуы мәселелері талқыланды. Мамандар такси қызметтерін дамыту, микромобильді көлікті реттеу және автобус тасымалын жетілдіру сияқты негізгі мәселелермен қатар платформалық жұмыспен қамту туралы да сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "ҚазАқпаратқа” сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысы Ерқанат Шынберген платформалық жұмыспен қамтуды салықтық әкімшілендіру бойынша пилоттық жобаның алғашқы нәтижелерімен бөлісті.

"Яндекс Такси" 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап жүргізушілер үшін 378 миллион теңге көлемінде жеке табыс салығын аударды, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша шамамен бір миллиард теңге төледі. Біз басқа платформалармен де жұмыс істеп жатырмыз. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін платформалық жұмыспен қамту жобасына 30-дан астам платформаны қосуды жоспарлап отырмыз", – деп мәлімдеді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин түрлі интернет-платформаларда жұмыс істейтін азаматтардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Әртүрлі бағалаулар бойынша, қазіргі уақытта олардың саны миллионнан асқан және көрсеткіш күннен-күнге өсуде. Алайда, мұндай жұмысшылардың басым көпшілігінде зейнетақы жинақтары, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы немесе тегін медициналық көмек сияқты әлеуметтік кепілдіктерге қолжетімділік жоқ. Осы мәселелерді шешу үшін заңнамаға өзгерістер енгізілуде.

"2023 жылы әлеуметтік кодекске интернет-платформаларға қатысты ұғымдар, сондай-ақ жеке тұлғалардың такси тасымалдаушысы ретінде танылуын реттейтін автомобиль көлігі туралы заңға түзетулер енгізілді. Мемлекеттік кірістер комитетімен және Яндекс Такси компаниясымен бірлесіп, интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін тұлғаларға салықтық әкімшілендірудің баламалы тәртібін қолдану бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Осы тәсілді сынақтан өткізудің нәтижесінде 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, мобильді қосымшаны пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлер үшін арнайы салық режимін қолдану шарттары жеңілдетілді, салық және әлеуметтік төлемдер мөлшерлемесі 4%-ға дейін төмендетілді. Осыдан кейін интернет-платформалар операторлары салық агенттері ретінде танылды", – деп қосты вице-министр.

Экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, пилоттық жоба сәтті іске асатын болса, салық жүйесіне ресми түрде енгізіледі.

"Айта кетсек, бұл туралы қаржы министрлігінің өкілі де мәлімдеді. Олар платформалық жұмыспен қамтуға 30-дан астам платформаны қатыстыруды жоспарлап отыр. Жаңа Салық кодексінде Үкімет платформалық жұмыспен қамтуды енгізуді ұсынып отыр, бұл оны барлығына міндетті етеді", – деп пайымдады сарапшы.

Панельдік пікірталастарда форум қатысушылары электр самокаттар, велосипедтер және жеке мобильділіктің басқа да құралдарын құқықтық реттеу және дамыту мәселелерін талқылады. Қауіпсіз велоинфрақұрылым қалыптастырудың қажеттілігіне, нормативтік-құқықтық базаны үйлестіруге және микромобильділікті қалалардың көлік жүйесіне интеграциялауға ерекше назар аударылды.

Жалпы форум Қазақстандағы көлік саласын реттеудің тиімді тетіктері мен ортақ шешімдерін іздеуде маңызды қадам болды. Шара қалалық мобильділікті жақсартуға, қауіпсіздік деңгейін арттыруға және азаматтардың өмір сапасын көтеруге бағытталған.

Талқылау