Қазақстандағы міндетті медициналық сақтандыру: Министрлік маңызды өзгерістер туралы айтты
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық көмектің бірыңғай пакетін (МКБП) қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Денсаулық сақтау министрі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Министрдің айтуынша, бұл пакеттен тыс барлық нәрсе медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қамтылуы керек.
Әлназарованың айтуынша, бұл өзгерістерге қатысты заң жобасы “Ашық НҚА” порталында жарияланған. Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, медициналық көмекті оңтайландыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) қолданыстағы пакеттеріндегі қызметтердің қайталануына жол бермеу.
Министрдің мәліметінше, бір пакеттік қаржыландыру жүйесіне көшу үшін денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мен сыртқы сарапшылар егжей-тегжейлі жоспар құрып, барлық медициналық қызметтер мен олардың құнына ауқымды талдау жүргізген.
-
Қазақстанда алдағы уақытта сегіз медициналық анықтама электронды нұсқада беріледі
-
3 млрд теңге жетіспейді: Медициналық сақтандыру қоры комиссиялық мөлшерлемені арттырмақ
“Бұл өзгерістердің маңызды мақсаты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен барынша қамту және халықтың барлық топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету болып қала береді”, – делінген министр жазбасында.
Министр мемлекеттің азаматтардың 15 жеңілдетілген санатына, оның ішінде балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, жұмыссыздар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жарна төлеуді жалғастыра беретінін атап өтті.
“Сондықтан аталған әлеуметтік осал санаттар, олар 11,9 млннан астам қазақстандықты құрайды, мемлекет қорғаған және оларға барлық деңгейдегі медициналық көмекке, оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады”, – делінген хабарламада.
МӘМС жүйесінде сақтандырылған еңбекке қабілетті жастағы 5 млн адамның да медициналық көмекке қолжетімділігі толық көлемде сақталады.
Сондай-ақ, 2026 жылдан бастап табысы төмен еңбекке қабілетті жастағы 1 млн қазақстандық (D және E санаттары) жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен МӘМС пакетінде қосымша медициналық көмек ала алады.
“Еңбекминистрлігінің цифрлық картасына сәйкес А, В, С санатына жататын, жеткілікті табысы бар қалған санаттар медициналық көмек алу үшін дербес сақтандырылуы тиіс”, – дейді министр.
Министр қабылданған шаралар халықты сақтандырумен барынша қамтуға, тиісінше медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
“Базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакеті сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қажетті қызметтерді қамтиды: жедел жәрдем, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау және емдеу (оның ішінде АИТВ, туберкулез, онкологиялық аурулар), паллиативтік көмек және профилактикалық скринингтер”, – дейді Ақмарал Әлназарова.
Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылдан бастап Қазақстандағы ауруханалардың жұмысына өзгеріс енгізілетіні туралы жазған едік.