Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы мамандандырылған ХҚКО-ларда жаңа автонөмірлерге байланысты ұзын-сонар кезек пайда болды (видео)

Видеодан скрин

Қазақстандағы мамандандырылған ХҚКО-ларда автокөліктің мемлекеттік нөмірін таңдау бойынша жаңа қызметтің енгізілуіне байланысты сұраныс артты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Енді қазақстандықтар мемлекеттік тіркеу нөмірінің сандарын және әріптік белгілерін өз қалаулары бойынша таңдай алады. Жаңа заң 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

5 қаңтар күні Қазақстандағы мамандандырылған ХҚКО-ларда өз таңдауы бойынша мемлекеттік нөмір рәсімдегісі келетін азаматтардан ұзын-сонар кезек пайда болды. Желі қолданушылары Алматы, Ақтау, Тараз секілді қалалардағы ХҚКО-дағы кезекті көрсеткен видеолар жариялады.

Мәселен Тараз қаласының тұрғынының айтуынша, мерекелерден кейін ХҚКО-да келушілер көп болса да, қызметкерлер жұмысқа толық келмеген.

“Тараз қаласындағы мамандандырылған ХҚКО-да мерекелерден кейін адам қарасы көбейген. Адамдар кезекте тұр. Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері толық емес, бос орындар бар. Осы мәселеге назар аударуды сұраймын”, – делінген желі қолданушысының жазбасында.

Қазақстанда автокөліктерге жаңа типтегі нөмірлер енгізіледі: Бағалары белгілі болды


Аталған жағдайға қатысты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы пікір білдірді.

“Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін еркін таңдауға мүмкіндік беретін норманың енгізілуі туралы ақпараттың таралуына байланысты бүгін көптеген өңірлерде мамандандырылған ХҚКО-ларда қызмет алушылар санының артқаны байқалады”, – делінген хабарламада.

Корпорацияның мәліметінше, барлық мамандандырылған ХҚКО штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Азаматтарға қызмет көрсету қалыпты тәртіпте жүзеге асырылуда, ақпараттық жүйелердің жұмысында техникалық ақаулар тіркелмеген.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар енді көліктердің тіркеу нөмірлерін өздері таңдай алатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 05 Қаңтар, 2026 18:45