Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы коронавирус: Мамин жаңа тапсырмалар берді

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуі Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік тіркелді. Вирустың репродуктивтілік көрсеткіші республика бойынша 1,07 құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың толығуы – 22%, реанимациялық төсек-орындардың толығуы – 17%.

"Қызыл аймақта" 5 өңір қалып отыр: Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары. "Сары аймақта" 2 өңір бар: Батыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы.

Үкімет басшысы денсаулық сақтау, индустрия министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, медициналық жабдықтарды жеткізуді аяқтауды және инфекциялық стационарлардың реанимациялық бөлімшелерін толық жабдықтауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Премьер-министр эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы мүмкін жағдайда ведомстволық ауруханалар мен госпитальдардың 100% дайындығын қамтамасыз етуді жүктеді.

Ішкі істер, еңбек, білім, қорғаныс министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, ұйымдастырылған ұжымдарда профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуына бақылауды күшейту тапсырылды.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге коронавирус инфекциясына жасалған зертханалық зерттеулердің дұрыстығын (қайта тестілеуді) қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл ретте зерттеулердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында осы жылғы 1 желтоқсанға дейін зертханаларды бірыңғай ақпараттық жүйемен интеграциялау жұмысы аяқталады.

Денсаулық сақтау министрлігіне бір апта мерзімде дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету мақсатында коронавирусқа қарсы препараттардың бағасын реттеу тәртібін өзгерту тапсырылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне ҚР-дағы коронавирусқа қарсы препараттар құнының жоғарылауына жол бермеу мақсатында шетелдік фармацевтикалық нарықтардағы баға конъюнктурасына талдау жүргізу тапсырылды.

Талқылау