Қазақстандағы Конституция күні: Бұл қандай мереке және оны қашан тойлайды
30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституция күні ретінде белгіленген. Еліміздің басты Заңы референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, 5 қыркүйекте заңды күшіне енді.
Заңымыз 9 тарау мен 98 баптан тұрады. Онда еліміздің демократиялық, зайырлы , құқықтық және әлеуметтік мәртебесі, биліктің негізгі көзі – халық және мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, бостандығы мен құқықтары екендігі көрсетілген.
Жаңа Конституция қабылданбастан бұрын ұзақ қоғамдық талқылаулар орын алып, бас-аяғы 33 мыңға жуық ұжымдық талқылау болып, оған 3 млн қазақстандық қатысқан. Талқылаулар кезінде 30 мыңға жуық ұсыныстар жасалды. Нәтижесінде 55 статьяға 1100-ден астам өзгерістер енгізілді.
Айта кетсек, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Ата Заңы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданған еді. Ол 4 бөлім, 21 тарау мен 131 баптан тұратын және онда өтпелі кезең ережелері жазылған. Оған дейін тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдары 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы қолданыста болды.
1995 жылы қабылданған Конституцияға одан бері төрт мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді: 1998 жылы, 2007 жылы, 2011 және 2017 жылы. 1998 жылы жасалған өзгертулер кезінде негізгі заңнның 19 статьясына өзгертулер мен толықтырулар жасалды. Олар президенттің және сенат, мәжіліс депутаттарының мерзімі мен өкілеттігіне қатысты - оған дейін мемлекеттік қызметкердің жоғарғы жасына қатысты шектеулер алынып тасталды.
2007 жылы жасалған өзгертулер бұдан ауқымдырақ болды. Онда пропорционалды сайлау жүйесіне көшу; парламент мәртебесін премьер-министрді парламенттік көпшілікпен тағайындау нормасын енгізу және үкімет басшысын тағайындау кезінде президенттің партиялық фракциялармен кеңесу процедуралары арқылы күшейту; Қазақстан халықтары Ассамблеясы конституциялық мәртебеге ие болып, бекітілген квота арқылы өз өкілдерін сенат пен мәжіліске қосу құқығына ие болды.
2011 жылы енгізілген өзгерістер кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу мен тағайындаулардың конституциялық негізін айқындауға қатысты. Мәселен, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы» ерекше мәртебесі беріліп, «президент екі мерзімнен артық тағы сайлауға түсе алмайды, бірақ бұл шектеулер Елбасына қатысты қолданылмайды» деген өзгерістер енізілді.
2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформалар туралы жариялап, өз өкілеттігінің біраз бөлігін үкімет пен парламентке беретін болды. Конституцияға 40-қа жуық толықтырулар мен өзгерістер енгізу ұсынылды. Қос палата депутаттары бірауыздан Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді мақұлдады.
Жаңа енгізілген реформалар бойынша сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерін президент бұрынғыдай өзі тағайындайды және бұл тағайындаулар Елбасымен ақылдасып жасалады. Министрлер лауазымына үміткерлерді үкімет басшысы президентке ұсынады. Сондай-ақ, президент құзырындағы министрлер кабинетін жасақтау және олардың жұмыстарын қадағалау жұмыстары парламентке беріледі. Үкіметтің де, парламенттің де жауапкершілігі арта түседі.
Елімізде Конституция күні – мемлекеттік мереке.