"Қазақстандағы ең қауіпті адамдар отыр": Депутат елдегі жалғыз психиатриялық аурухана апатты жағдайда екенін айтты
Фото: senate.parlam.kz
Қазақстандағы сот шешімі бойынша террористер мен сериялы кісі өлтірушілер емделетін жалғыз психиатриялық аурухана қоғам қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отыр. Депутат Геннадий Шиповских үкімет дереу шара қолдануды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Республикалық психиатриялық аурухана Алматыдан 35 шақырым қашықтықта, Талғар ауданының Ақтас ауылында орналасқан. Бұл елдегі сот шешімі бойынша аса ауыр қылмыстар жасаған – кісі өлтіруден бастап терроризм және каннибализмге дейін – психикалық ауытқулары бар адамдар жіберілетін жалғыз мекеме.
"Мұнда әскери қақтығыстардан қайтқан террористік және экстремистік топтардың мүшелері, педофилдер, сериялы кісі өлтірушілер, каннибалар ұсталады. Олардың 83%-і психикалық ауруға байланысты мүгедек деп танылған", – деді Шиповских.
Аурухана 1972 жылы салынған және содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Депутаттың айтуынша, ғимарат сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан, бірақ ешқандай сейсмикалық нығайту жүргізілмеген. Палаталар тар, пандустар мен лифттер жоқ, санитарлық жағдай талаптарға сай емес.
"Бұл стратегиялық нысан екенін ескерсек, жағдай тек пациенттер үшін ғана емес, тұтастай қоғамға да қауіп төндіреді", – дейді депутат.
Депуттаттың айтуынша, мекеменің қоршауы да қауіпсіздік талаптарына сай емес.
Ғимараттың тозығуы жетуімен қатар, ауруханада қызметкерлердің жетіспеушілігі де маңызды мәселе. 750 штаттық орыны бар ауруханада тек 647 адам жұмыс істейді екен.
Депутаттық сауалында Геннадий Шиповских үкіметтен стратегиялық нысанға ерекше назар аударуды сұрады.
"Біз бұған көз жұмып отыра алмаймыз. Бұл жай ғана тозығы жеткен аурухана емес, елдегі ең қауіпті адамдар отырған орын", – деді депутат.
Депутат аурухананы стратегиялық нысандар қатарына қосуды, жаңа корпус салуды бастау, күрделі жөндеу жүргізуді, инженерлік жүйелерді жаңартуды және қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында зейнеткерді өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған ер адам дәл осы психиатриялық ауруханаға емдеуге жіберілген еді.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
