2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
Фото: Stan.kz
Қазақстанда жеңілдетілген салық режимінен 795 кәсіп түрі алып тасталды. Бұл өзгеріс кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық туғызып, бағаның қымбаттауына, тіпті бизнесін жабу қаупіне қатысты дабыл қақты. Алайда қаржы сарапшысы Арман Бейсенбайдың айтуынша, бұл тізім барлық кәсіпкерге қатысты емес. Осыған орай Stan.kz аталған өзгерістердің салдарынан кәсіпкерлер қандай нақты қадамдар жасауы керек екенін және қай салаларға ауыртпалықтың көбірек түсетінін сарапшыдан сұрап білді.
"Бір кәсіпкер бір мезгілде екі түрлі режимде отыра алмайды"
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембай қазіргі нарықтағы өзгерістердің ең алдымен сауда саласына әсер еткенін атап өтті. Оның айтуынша, сауда нүктелері мен дүкендер жеңілдетілген салық режимінде қала алмайды, өйткені олар үшін арнайы бөлшек сауда салығы енгізілген. Сондай-ақ шикізат бағытындағы қызмет түрлері мен құрылыс саласы да жеңілдетілген режимнен шығарылды.
"2026 жылдың қаңтарынан бастап өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін бөлек режим енгізілмек. Бұл санатқа дизайнерлер, фрилансерлер, репетиторлар, ІТ-мамандар және пәтерді жалға берушілер кіреді. Олар жеке кәсіпкер болып саналмайды, тек табыс көзі ретінде тіркеледі. Өңдеу өнеркәсібі де енді жеңілдетілген жүйеге кірмейді, бірақ мемлекет бұл салаға арнайы жеңілдіктер мен преференциялар қарастырған. Сол сияқты ауыл шаруашылығы да жеңілдетілген жүйеде қала алмайды, алайда шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнайы салық режимі бар. Мұнда қосымша құн салығы 0% болып белгіленген", – дейді қаржы сарапшысы Арман Бейсембай.
Арман Бейсембайдың айтуынша, салық режимдерінің саны қысқарып, бұрынғы алтыдан үш-төртке азайды. Кәсіпкерлердің уайымына қатысты ол әрбір салаға өзіне тән режимдер қарастырылған, сондықтан жеңілдетілген жүйеден шыққан кәсіпкерлер салықсыз қалмайды, тек басқа тәртіпке өтеді деп түсіндірді.
Фото: Арман Бейсембаевтың желідегі парақшасынан
Қандай тауарлар мен қызмет түрлері қымбаттайды?
Сонымен қатар Арман Бейсембаев салық режиміндегі өзгерістен қандай ең көп сұранысқа ие тауарлар мен қызметтер қымбаттайды және қаншалықты өсетінін айтып берді.
"Менің ойымша, бәрі қымбаттайды. Өйткені бізде салықтық қатаңдатулардан бөлек, нарықта да өзгерістер болып жатыр. Мысалы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ЖКХ) пен жанар-жағармай (ГСМ) бағасының өсуі бар. Бұл өз алдына-ақ бағаның тұрақты өсуіне жеткілікті. Себебі, коммуналдық төлемдер шамамен әр алты ай сайын 20-30% өсіп отырады. Қазір, мысалы, қазан айынан бастап жарықтың бағасын қайта қарау жоспарланып отыр. Өндірушілер мен сатушылар электр қуатының қымбаттауын тауардың бағасына қоспайды деп ойлайсыз ба? Әрине, қосады. Өйткені бұл олардың шығыны. Оларға жарық үшін көбірек төлеуге тура келеді, ал ол ақшаны қайдан табады? Тағы да сол өнім бағасына қосады", – деп түсіндірді Арман Бейсембай.
Маманның пікірінше, қоғам бұл үрдіске үйреніп қалғанымен, коммуналдық төлемдер мен жанар-жағармай бағасының өсуі алдағы жылы да тоқтамайды. Тіпті ұлттық экономика министрлігі 2029 жылға дейін баға шамамен екі есе қымбаттауы мүмкін екенін болжап отыр. Бұдан бөлек ол тізім құрылыс саласы қалған жағдайда қатаң салың режимі енгізілетінін атап өтті.
"Мәселе тек бұл өзгерістердің қандай ауқымда жүзеге асатынында. Қазір нақты болжам жасау қиын. Құрылыс саласы жеңілдетілген салық режимінен шығарылып, оларға қосымша құн салығы енгізілсе және басқа да қатаң талаптар қойылса, бұл бастапқыда бағаның өсуіне әкеледі. Бірақ кейіннен тұрғын үй нарығында “көпіршік” жарылып, бағалар керісінше төмендеуі мүмкін. Осылайша, бұл құрылыс секторына айтарлықтай соққы болмақ. Әрине, мемлекет жағдайды қолдан ұстап тұруға тырысса, мысалы, жеңілдетілген ипотеканы қаржыландыру арқылы, ол бағаның күрт құлауын уақытша тежей алады. Бірақ менің ойымша, жеңілдетілген ипотеканы толықтай тоқтату қажет. Егер мемлекет арзан қаржыландыруды әрі қарай жалғастыра бермесе, құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарының бағасы әуелі қымбаттайды, кейін міндетті түрде төмендейді", – деп тұсіндірді Арман Бейсембай.
Сарапшы атап өткендей, Ұлттық банк те, министрлік те мойындағандай, қосылған құн салығының болашақтағы өсуі бизнес тарапынан қазірдің өзінде бағаға енгізілген.
"Сондықтан 2026 жылдың қаңтарынан бастап қосымша құн салығы ресми түрде көтерілген кезде, нарық оған қатты реакция білдірмеуі мүмкін. Өйткені бұл параметрлер алдын ала белгілі болды. Бағалар біртіндеп қазірдің өзінде өсіп жатыр. Әсіресе азық-түлік бағасы біртіндеп қымбаттап келеді. Кәсіпкерлер болашақтағы шығынды алдын ала есептеп, қазіргі бағаға қосып жатыр. Бұл келесі жылы баға мүлдем өспейді деген сөз емес. Бірақ олар ең болмағанда болашақтағы өзгерістердің бір бөлігін қазірдің өзінде жабуға тырысып жатыр", – деп тоқталды қаржы сарапшысы Арман Бейсембай.
Экономика деген өте күрделі, бірақ сонымен қатар бейімделгіш жүйе. Біреулер кетеді, бірақ олардың орны бос тұрмайды дейді Арман Бейсембай.
Фото: pixabay.com
Енді кәсіпкерге қандай кеңес беруге болады?
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембайдың айтуынша, қазіргі жағдайда кәсіпкерлерге ең бірінші кезекте өз бизнес-моделін қайта қарау қажет.
"Неге? Өйткені қазір қалай үнемдеуді ойлану керек. Институционалдық орта қатаңдап жатқанын көріп отырмыз, бұл анық. Сондықтан шығындарды қысқарту жағын ойлау қажет. Бизнес тілінде айтқанда, "косттарды қысқарту" керек. Қай жерден қысқартамыз? Қалай қысқартамыз? Контрагенттерді, яғни сенімен іскер әріптестерді қайтадан талдау қажет. Себебі егер сен қосымша құн салығын төлеуші болып қалсаң, онда тиімдірек жұмыс істеу үшін сенің серіктестерің де қосымша құн салығын төлеушілер болғаны маңызды. Ал егер сен қосымша құн салығын төлейсің, бірақ сенің контрагенттерің (іскер серіктестерің) төлемесе онда 16% салықтың бәрін өзің көтересің, ешқандай өзара есеп болмайды. Бұл үлкен проблема. Сондықтан серіктестеріңді ауыстыруға, келісімдерді қайта қарауға тура келеді", –деді Арман Бейсембай.
Егер бұл да болмаса, бизнес-моделің осы жағдайда қаншалықты өміршең екенін ойлану керек дейді қаржы маманы.
"Әрине, мұндай жағдайда бірқатар қысқартулар да болады. Кейбір жұмысшылардың орны қысқаруы мүмкін. Бірақ бұл жаппай жұмыссыздыққа әкеледі деп ойламаймын. Экономикалық агенттердің (кәсіпкерлердің, компаниялардың) мінез-құлқын дәл болжау мүмкін емес. Бір жағынан, нарық сәл "отырып қалуы" мүмкін: бизнес белсенділігі төмендейді, біреулер уақытша жабылады, біреулер қызметін тоқтатады, біреулер шетелге кетеді. Бірақ ұзаққа созылмайды. Нарық жаңа тепе-теңдік табады, ал одан кейін біртіндеп қалпына келе бастайды. Экономикада "құлап, түбінде жатып қалу" болмайды. Адамдар кез келген жағдайда бейімделіп кетеді", – деді қаржы сарапшысы.
Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, бизнес тілінде "жеңілдетілген салық режимі" деп аталған салық салудың жеңілдетілген режимінің орнын басатын жаңа жүйеде қалатын және одан шығатын кәсіп түрлерінің 2 тізімін жариялады. Жобаларға пікір қалдыру 13 қазанға дейін "Ашық НҚА" порталында талқыланады.
Енді бұрынғы "упрощёнка" "Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі" деп аталады. Осы ретте арнайы салық режимін қолдану үшін кәсіпкердің келесі шарттарды орындауы керек:
• жылдық кірісі 600 000 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 2,6 миллиард теңгеден) аспауы керек;
• үкімет тізіміне енгізілген қызметпен айналысуы қажет.
Десе де, барлық кәсіпкерге мұндай мүмкіндік берілмейді. Мысалы, басқа заңды тұлғалардың үлесі 25%-дан асатын компаниялар, бір мезгілде арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғалардың құрылтайшылары, коммерциялық емес ұйымдар, бірлескен қызметпен айналысатындар жаңа жүйеге кіре алмайды.
Себебі таяуда ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин негізгі принцип – тікелей соңғы тұтынушымен жұмыс істейтіндерді арнайы салық режимінде қалдыру екен. Сонымен қатар ол үлкен компаниялармен жұмыс істегісі келетіндер жалпы салық режиміне көшуі керек екенін атап өтті. Осылайша B2C және B2B сегменттері арасындағы айқын шекара көрсетіледі дейді министр.
Фото: Stan.kz
Сарапшылар мен кәсіпкерлер бұл шектеулер шағын және орта бизнеске ауыр соққы болуы мүмкін деп санайды. Өткен аптада кәсіпкерлер қатты алаңдаушылық білдірді және оның қатары да азая қойған жоқ. Осы ретте билік құлақ асып, бастапқыда ұсынылған тізімді қайта қарап, шектеулерді айтарлықтай жеңілдетті.
Министрлік әзірлеген "қара тізімге" 795 кәсіп түрі енген (Экономикалық қызмет түрлерiнің жалпы жiктеуiшi, 5 таңбалы кодтан тұрады). Оларға теңізде және тұщы суда балық аулау, пайдалы қазба өндіру, ауыр және өңдеу өнеркәсібі, тамақ, дәрі-дәрмек, тұрмыстық техника мен электроника өндірісі, алкогольді ішімдіктер шығару, 2000 шаршы метрден асатын бөлшек сауда нысандары, киім мен аяқ киім көтерме саудасы, құрылыс және жылжымайтын мүлікпен айналысу, автокөлік лизингі, ғылыми-зерттеу қызметтері кіреді. Сөйтіп қызмет көрсету, шағын сауда және өндіріс салаларындағы көптеген кәсіп иелері бұрынғыдай жеңілдетілген салық режимінде жұмысын жалғастыра алады. Ал арнайы салық режимін (жеңілдетілген декларация негізінде) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің толық тізімімен сілтеме арқылы танысуға болады.
"Халықтың сатып алу қабілеті онсыз да төмен, оған қоса қарызға батып отырғандар өте көп"
Қазақстанда салық салу жүйесіне енгізілген өзгерістер бизнес ортасына да әсер етіп жатыр. Әсіресе, "жеңілдетілген режимнен" шеттетілген қызмет түрлері арасында логистика саласы кәсіпкерлерін алаңдатып отыр. Кәсіпкер Оксана Сорокинаның айтуынша, жаңа ереже тасымал мен экспедиторлық қызмет көрсететін компаниялардың арасындағы әріптестікке кедергі келтіруі мүмкін.
"Маған бұл туралы нақты айту қиын, өйткені "жеңілдетілген режимге" қатысты бұрын қандай рұқсаттар болғанын "тыйым салынған тізімге" дейін білмеймін. Негізгі мәселе кімдер бұл тізімге кірмеді деген сұрақ. Себебі жалпыға бірдей салық режимінде жұмыс істейтіндер "жеңілдетілген режимдегі" компаниялармен жұмыс істегенде, олардан шегерімдер ала алмайды. Мысалы, менің ЭҚТЖ "52291" – "транспорттық-экспедиторлық қызметтер" жеңілдетілген режимге тыйым салынған. Ал автомобиль көлігімен жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар бұл тізімге енбеген. Осылайша, бізде Қазақстан ішінде "Қытай халық республика – Қазақстан", "Ресей Федерациясы – Қазақстан" бағыттарында жұмыс істейтін ірі тасымалдаушылар бар. Енді олармен жұмыс істей алмаймыз немесе жұмыс істесек те, шегерімге ала алмаймыз", – дейді ол.
Кәсіпкердің пікірінше, автомобильдік жүк тасымалының "жеңілдетілген режимде" қалуы қисынсыз шешім. Себебі олар үшін арнайы салық режимінде тек B2C сегментіне жеке тұлғалармен жұмыс істейтін, Қазақстан ішінде 5 тоннаға дейінгі көлікпен тасымал жасайтындарға ғана қолданылуы орынды болар еді дейді кәсіпкер.
Фото: ISS Relocations
Оксана Сорокина өзінің кәсібіне жаңа заң тікелей болмаса да жанама тұрғыда ықпал етуі мүмкін екенін айтады.
"Маған әсер ететін нәрсе бұл тек сыртқы факторлар немесе нарықтағы жалпы жағдай. Мысалы, тапсырыс берушілер логистикалық қызметке деген сұранысты азайтып жіберсе, жағдай қиындайды. Шынымды айтсам, қосымша құн салығының өсуіне аса қуанып отырғаным жоқ. Дегенмен бюджет тапшылығы өзі-өзінен шешілмейтіні түсінікті. Қазақстанда халықтың сатып алу қабілеті онсыз да төмен, оған қоса қарызға батып отырғандар өте көп. Сондықтан қосымша құн салығының өсімі бірінші кезекте әлеуметтік жағынан осал топтарға ауыр тиеді", – дейді кәсіпкер Оксана Сорокина.
Оксана Сорокинаның айтуынша, бұл жыл бәсекенің күшеюі мен сыртқы геосаяси факторлардың әсерінен күрделі болған. Сол себепті екі қызметкерді "кесімді ақы" жүйесіне көшіруге және шығындарды қатаң қысқартуға тура келген. Дегенмен ол өз командасына сенеді. Мәселе кодекстегі өзгерістерде емес, басқарушы мен оның командасының тиімділігінде екенін айтады.
Жаңа жобадағы шектеулер психологтар қауымын да алаңдатты. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіндегі 96090 – "Басқа топтарға кірмейтін жеке қызмет көрсету" кодының құрамына психологтардың қызметі кіреді. Бұл код шектеу салынатын кәсіп түрлерінің қатарына енгізілген.
Психолог Анна Левина мұндай шешім кәсіби және әлеуметтік маңызды қызметтің бағаланбай отырғанын көрсететінін айтты. Оның пікірінше, психологтар тек жеке тұлғалармен жұмыс істейді және халықтың өмір сапасын жақсартуға тікелей ықпал етеді. Ал тізімге енгізу кейбір мамандарды көлеңкелі жұмысқа итермелеуі мүмкін. Сонымен қатар ол қосымша салық жүктемесі мен қаржылық есептіліктің психологтар үшін ауыр салмақ болатынын ескертті.
Қойма және жылжымайтын мүлікті жалға беру саласында жұмыс істейтін кәсіпкер Санди Абдульманова қызмет түрі жеңілдетілген салық режимінен шеттетілген тізімге кірмеген. Алайда ол өзімен жұмыс істейтін кішігірім кәсіп иелерімен жұмысын жалғастыра алмайтынын айтады. Оның сөзінше, 2026 жылдан бастап шығындарды қалай шегеретіні белгісіз. Кәсіпкер 1 қаңтардан бастап 460-қа жуық серіктесіне бағаны 26%-ға көтеруге мәжбүр екенін жеткізіп отыр.
Ал мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын шағын кәсіпкер Надежда Шиллер наубайхана өнімдері мен мәдени-көрме қызметтерінің тізімнен алынғанына наразы. Ол мұндай өзгеріс салық жүктемесін арттырып, шағын наубайханалар мен маусымдық табысқа тәуелді өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың жабылуына алып келуі мүмкін екенін атап өтті.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
