Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жігіт марихуана шеккені үшін айыппұл арқалады: Енді ол қарасораны заңдастыру үшін күресіп жүр

Тимур Калин марихуана каннабисФото: Тимур Калиннің желідегі парақшасынан

Қазақстандық белсенді Тимур Калин марихуана қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, наркологтың есебіне қойылды. Ол бұл шараны заңсыз деп санап, азаматтардың жеке өмірге қол сұқпау құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа жүгінді. Бұл туралы Stan.kz зерттеп, наркологтардан толығырақ сұрап білді.

Қазақстандық белсенді Тимур Калин марихуана қолданғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, наркологтың есебіне қойылды. Алайда ол мұны заңсыздық деп санайды.

"Тек аздап шөп тартқаным үшін Қазақстанда ресми түрде "нашақор" болып тіркелдім. Бұған қатты өкінемін, себебі осы үшін мені құқық бұзушыға айналдырып, наркологтың есебіне қойды. Ал шын мәнінде ешкімге кедергі жасаған жоқпын, қоғамдық тәртіпті бұзған жоқпын, тіпті ұсталған сәтте мас та болған жоқпын. Енді бұл істі Конституциялық сотқа жеткізіп, азаматтардың каннабис қолдану құқығын қорғауға бел будым. Конституцияға сәйкес Қазақстан азаматтарының жеке өмірге қол сұғылмау және жеке құпия құқығы бар. Егер біз ешкімге зиян тигізбей, ешкімге қауіп төндірмесек, мемлекет ол құқықтарды бізге қарсы пайдаланбауға тиіс", – деді Тимур Калин.

Тимур Калиннің айтуынша, егер бұл іс сәтті аяқталса, келесі қадам марихуананы белгілі бір мөлшерде жеке пайдалану үшін сақтауды декриминализациялау болмақ. Ол "қолдану мен сақтау – өзара ажырамас екі ұғым" деп есептейді.

Тимур Калиннің желідегі парақшасынан бас прокуратураның жауап тауып алдық.

бас прокуратура жауабыФото: Тимур Калиннің желідегі парақшасынан

Онда Павлодар облысының тұрғыны Тимур Калиннің марихуананы тұтынуға қатысты әкімшілік заңнаманы Конституциялық сотта қайта қарау туралы өтінішіне жауап берген. Ведомство оның бастамасын негізсіз деп санайтынын мәлімдеп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда есірткі құралдарын медициналық мақсаттан тыс пайдалану мен олардың айналымы қатаң тыйым салынатынын еске салған.

"Конституцияға сәйкес мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық тәртіп пен халықтың денсаулығын қорғау мақсатында мұндай шектеулер енгізуге құқылы", – делінген бас прокуратураның ресми жауабында.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы да ер адамның өтінішін қараған екен. Тимур Калин Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 440-1-бабын Конституцияға қайшы деп тануды сұраған еді. Ведомство халықаралық конвенциялар мен ұлттық заңнамаға сүйене отырып, бұл норма халықтың денсаулығы мен қоғамдық тәртіпті қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Осы ретте Алматыдағы психикалық сауықтыру орталығының наркология бөлімінің мамандарынан марихуананың адам ағзасына әсері туралы сұрадық.

"Марихуананы қолдану адамның денесіне де, психикасына да әсер етеді. Физикалық тұрғыдан тыныс жолдарының тітіркенуі, бронхит, жүрек соғысының жиілеуі байқалады, кей жағдайда репродуктивті денсаулыққа ықпал етуі мүмкін. Ал психикалық тұрғыдан алаңдаушылықтың, депрессияның даму қаупін арттырады, бейімділігі бар адамдарда тіпті психозды да қоздыруы ықтимал. Әсіресе жасөспірімдердің ерте және тұрақты қолдануы аса қауіпті, себебі бұл мидағы дамып жатқан жүйелерге кері әсер етеді", - деп психикалық сауықтыру орталығы жауап берді.

Наркология бөлімі марихуана қандай тәуелділік тудыратынын және оның белгілері қандай болатынын айтып берді. 

"Иә, тәуелділік пайда болуы мүмкін, бірақ ол бәрінде бірдей қалыптаспайды. Орта есеппен әр он ересек тұтынушының біреуі тәуелділікке шалдығады. Белгілері: адам оны жиі қолдануды ойлай бастайды, мөлшерін бақылаудан қалады, қолданбаған кезде ұйқы бұзылып, ашушаңдық пайда болады. Ұзақ мерзімде зейін төмендейді, қысқа мерзімді жад пен шоғырлану қабілеті әлсірейді, жаңа ақпаратты тез қабылдау қиындайды", – деп жауап берді орталық.

Орталық мамандарының айтуынша, Қазақстанда марихуананы толық заңдастыруға әлі ерте. Қоғам консервативті болғандықтан, тұтынуды қалыпты ету пайдасынан гөрі зиянын көбірек.

"Бірақ бұл мәселені талқылау маңызды. Мысалы, медициналық мақсатта каннабисті қолдану орынды болуы мүмкін. Ал енді біреуді тек заңдастыру туралы пікірін білдіргені үшін наркологиялық есепке алу дұрыс емес. Бұл медициналық шарадан гөрі адамның пікірін жазалауға көбірек ұқсайды. Осындай тақырыптарды ашық айтып, талқылаудан қорықпауымыз қажет", – деп түсіндірді орталық.

Сонымен қатар желі қолданушылары марихуананы тұтыну мен оны заңдастыруға қатысты өз қарсылықтарын білдірді. Тағы біреуі мұндай әдеттің тұрмыстық өмірге, қарым-қатынасқа тікелей зиян тигізетінін айтады.

"Қыздар, шөп шегетін жігіттерге тұрмысқа шықпаңдар. Олар жиналып, сатып алып, тартып болғанша біраз уақыт өтеді. Сосын үйге келіп, бәрін жеп, ешқандай көмек көрсетпейді. Ал ұзақ уақыт шекпесе, ашушаң болып жүреді", – деп жазды Shugaring_atyrau_sahar.

Енді екіншісі марихуананы есірткі ретінде қабылдау керек екенін қатаң ескертті.

"Шөп – есірткі, ол тыйым салынғаны үшін емес, адамның мидағы қызметін өзгертіп, тәуелділік тудырғаны үшін есірткі. Ал сен есірткіні насихаттап жүрген нашақорсың", – деп пікір қалдырды pryanichki_ot_manechki.

Өз тәжірибесімен бөліскендер де бар. Valiapivina туысының өмірін мысалға келтірді.

"Жездем шөп шегетін. Балаларынан жырып ақшаға шөп сатып алатын. Соңында есі ауысып, психиатриялық ауруханаға түсті. Бұл өте қорқынышты", – деп түсіндірді Valiapivina.

Кейбір қолданушылар мұндай әдеттің салдары ауыр болатынын айтып, қысқаша пікір білдірді. Мысалы, irinadulepova институттағы қатарластарының көбі осы шөптен кейін ауыр заттарға көшкенін, тіпті көпшілігі 40 жасқа жетпей қайтыс болғанын жазды. Ал tanya.tis секілділер каннабисті тек медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етуге болады деген пікірде.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 19:56
Талқылау