Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Праймериз арқылы сүттен ақ, судан таза болып шықпақшы": Еліміздегі ең ауқымды саяси үрдістен халық не күтеді?

17 тамызда Nur Otan партиясы жариялаған праймеризға үміткерлерді тіркеу мен таныту басталды. Бұл үрдіс осы жылдың қазан айына дейін созылатыны белгілі. Ал келесі жылы республика аумағын қамтыған осы партияішілік сайлау нәтижесінде Мәжіліс пен мәслихат депутаттары іріктеледі. Бұл Қазақтандағы кең көлемді түрде жүзеге асырылатын алғашқы праймериз болмақ. Сонымен аталмыш саяси үдерістен халықтың не күтуіне болады? Бұл туралы Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

Нұр Отан

Праймериз деп мәжіліс және мәслихат сайлауының алдында өтетін барлық сайлауға қатысты іс-шараларды атайды. Яғни жергілікті өңірлерде өтетін сайлау алдындағы партияішілік таңдау праймериз болып табылады. 

Бұл қазақстандықтар үшін жаңа ұғым екені рас. Мысалы АҚШ секілді демократиялық мемлекеттерге бұл сөз таңсық емес. Праймериз - партия ішіндегі демократиялық таңдаудың көрінісі. Партия кандидаттығына үміткер саясаткерлер жергілікті аймақтарда өтетін сайысқа түседі. Президенттік сайлаудан да қызу өтетін бұл саяси үдерісте партияның бұрынғы өкілдері лайықты деп тапқан байқауға қатысушыларға дауыс беріп, олардың ары қарай өтуіне жолдама ашады. 

Айта кетейік, бұл Nur Otan ұйымдастырып жатқан алғашқы праймериз емес. 2016 жылы жетекші партия жергілікті мәслихаттарына үміткерлерге арнап алдын ала партияішілік іріктеу өткізген еді. Жалпы алғанда 3000 жуық адам аталмыш саяси байқауға қатысып, мәслихаттық сайлауға жолдама алған болатын. 

Кандидаттар праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысу мүмкіндігіне ие. Бұл ретте партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін «Nur Otan»-ның қатарына қосылу қажет.

Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау.

Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен "Nur Otan" праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған "Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам" партия жұмысын "қайта жандандыру" бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев праймериз өткізудің маңыздылығын атап өтті. 

"Ел аумағында ауқымды праймериз өткізу мемлекетіміздің басқарушы партиясы үшін қайта жаңару үрдісі болмақ. Бұл партияішілік сайлау. Бұл шынайы әлеуметтік баспалдақ. Мұнда нағыз бәсеке болып, жаңа жобалар мен идеяларды алып келетін адамдар іріктеледі.  Сайлауға арналған ашық таңдау шарты жасалды. Енді оны іс жүзінде іске асыруымыз қажет. Халық саяси үрдістің дұрыс өтуіне сеніп, азаматтарды алаңдатқан сұрақтар көтеріледі деген үміттемін", - деді Елбасы өз үндеуінде. 

Праймериз бастала салысымен бірінші сағатта өтініш білдіргендердің саны 500-ден асыпты. Ал бұл үрдістің халық үшін қандай маңызы бар? Бұл туралы саясаттанушылардың пікірін қарап көрейік. 

"Бүгінгі күні билікке ынталы кез келген адам оған жетудің ең үлкен мүмкіндігінің кілті - Nur Otan партиясы екенін біледі. Жеке сайланып, қоғамның қолдауына ие болып, партия тізіміне өтіп, депутаттық мандат алып, жүйені ішінен реттеп, өзгерістерге итермелеу - барлығына да партияға келу арқылы ие болуға болады. 

Қазір саяси дамудың жаңа сатысы басталып жатқанын ешкім түсініп жатқан жоқ. Мәжіліс пен мәслихаттың рөлі толығымен қайта қарастырылмақ. Депутаттар шынайы түрде атқарушы билікті қадағалап, жергілікті аймақтарда мәслихат арқылы өз шешімдерінің қабылдануына ықпал етіп, Мәжілісте заң шығарушылардың құқығын белсенді түрде пайдалануы қажет", - дейді саясаттанушы Оразғали Селтеев. 

Бұған қоса саясаттанушы саяси үрдіске қызығушылық не себепті туындайтыны жайлы өз болжамдарын ұсынды. 

"Біріншіден, мәжіліс пен мәслихат 80-90%-ға жаңаруы қажет.

Екіншіден, нағыз бәсекелестік Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте және басқа да облыс орталықтарында байқалады. Бұл жақта мәслихатқа мандаттығы бар тұлғаның әрқашанда үстемділіктері басым болатын. Мұнда, әсіресе, мемлекеттік ұйымдардың басшылары мен кәсіпкерлер депутаттық орынды қалт жібермейді. Өйткені бірінші кезекте бұл дәреже және жергілікті "элитамен" байланыс үшін ауадай қажет. Алайда жаңа адамдардың келуі - қалыпты құбылыс.

Үшіншіден, Мәжілістің партиялық тізіміне ену үшін қалада немесе аудандағы праймеризден бірінші орынға ие болу қажет. Сол себепті төменгі сатыларда үрдіс белсенді түрде өтеді. 

Төртіншіден, квота бойынша өте алмай қалғандар, праймеризде жеңіске жетудің басқа жолдарын іздей бастайды. Ал егер олар бірінші санаттағы партия мүшелеріне, атап айтсақ, ұстаздар мен дәрігерлерге қысым жасайтын болса, бірден жұрттың алдында әшкере болады. Бұны "әкімшілік ресурсты" тартуға ниеттенгендер түсінуі қажет", - дейді Селтеев. 

Саясаттанушының сөзінше, жаңадан келгендер осы жолғы іріктеуде жеңіске жететіні айдан анық. 

"Аудандық мәслихат бизнес-элита үшін қызықсыз болып қалуы мүмкін. Ал ірі кәсіпкерлер әкімдіктің қыспағына шыдаудан төзімдері таусылған. Олар қазіргі дағдарыстың әсерін түсініп отыр. Сондықтан кәсіпкерлер жергілікті билікке бет бұра бастайды. Сонымен қатар қоғам қайраткерлері, әлеуметтік саланың өкілдері мен жастардың да арасынан шыққан үміткерлердің саны артады.

Қазір ешкімнің агитациялық жұмыстарда тәжірибесі жоқ. Олар праймеризге қатыса отырып, бұл әдет-дағдыларды үйрене бастайды. Ал бұл үрдісте ең айқын әрі ұтымды сөйлей білгендер ғана жеңіске жетеді. 

Бұрын мемлекеттік органдарда жұмыс істемегендердің жолы болады. Себебі халық жаңа тұлғаны, жаңа мүмкіндіктер мен жобаларды, тың идеяларды көргісі келеді", - дейді саясаттанушы. 

Десек те еліміздегі ауқымды саяси науқанға күдікпен қарайтындар да табылды. 

Журналист Гүлжан Ерғалиева "бұған дейін бірде-бір рет әділ түрде жеңіске жетпееген жетекші партия енді праймериздің көмегімен жаңа адамдарды тартып, өздерін сүттен ақ, судан таза партия қылып көрсетпекші" екенін айтады. 

"Құрдымға кетіп бара жатқан Nur Otan сайлаудың алдында өздерінің идеялық қарсыластарынан, "қолдары лас емес"  қатысы жоқ халық пен саясаттан хабарсыз жастардың арасынан жаңа адамдарды тартудан басқа ешнәрсе ойлап таппаған сыңайлы. Ең өкініштісі - өзінің қара еңбегінің арқасында көтеріліп, қоғам арасында беделге ие болғандар осы былыққа батып бара жатқаны. Оларды тек қазір сайлау үшін қолданып, ертеңгі күні дауыстары шықса, партиядан шығарып не болмаса мансаппен сатып алатындарын ешкім түсінбейді ме?" - дейді Ерғалиева. 

Тағы бір саясаттанушы Марат Шибұтов праймеризге кімдер  қатысатыны жайлы өз пікірін білдірді. 

"Праймериз кімдерге қызық болуы мүмкін? Біріншіден, "Жас Отаннан"  келген жастарға. Олар бөлінген ковта мен жастардың арасында бәсекенің болмауының арқасында оңай жеңіске жете алады. Ал қыздарға тіптен жағдай жасалған: оларға екі квота арналған.

Әлеуметтік-саяси істермен айналысатын қоғам белсенділеріне. Менің ойымша, олар билікке баруға дайын адамдар. 

Мемлекеттік бақылаудан жалтарғысы келетін кәсіпкерлерге. Көп жағдайда олар бизнес-қауымдастықтардың дәрменсіздігінен осындай қадамға барады", - дейді саясаттанушы. 

Айтуынша, қазірдің өзінде ірі қалаларда бәсекенің жоғары болатынын болжауға болады. 

"Қазір адамдардың саясатқа деген талпыныстары артып жатқанын байқауға болады. Себебі саясат ол билікке көтерілудің кілті", - дейді Шибұтов. 

Саясаттанушылар халықтың праймеризден күтетіні мол екенін  жарыса айтады. Ал Nur Otan жариялаған кестеге сәйкес мәжіліске жолдама алғандардың тізімі тек 5 қазанда белгілі болады. 

Дайындаған Дидар Халық
 

Талқылау