Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы автонарық: 2026 жылы көлік бағасы қалай өседі?

Фотоколлаж: Stan.kz

2026 жылдан бастап қосымша құн салығы (НДС) 16%-ға көтерілген соң Қазақстандағы автокөлік нарығы бұрынғыдай болмайды. Бағаның өсуі, утилизациялық алымдар мен жаңа акциздер сатып алушылар үшін қосымша ауыртпалық тудырады. Сарапшы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында бағаның өсуі тек уақытша емес, нарық құрылымдық өзгерістерге дайындалуы керек деп ескертті.

“Көліктерге “сән-салтанат” салығы енгізіледі”

Осы ретте автонарық сарапшысы Эдуард Эдоков 2026 жылы қосымша құн салығы 16%-ға көтерілген соң автокөліктердің қаншаға өсетінін айтып берді.

"Келесі жылдан бастап Қазақстанда қосымша құн салығы 16% көтеріледі, бұл қазіргі 10-12% көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Өзгеріс автокөліктердің бағасына тура әсер ететінін атап өткен жөн. Тек қосымшы құн салығының өсімі соңғы бағаның шамамен 4-5%, кейде 7% жоғарылауына әкелуі мүмкін. Мысалы, егер бүгін кроссовердің бағасы 10 миллион теңге болса, 2026 жылы оны сатып алу үшін шамамен 10,5-10,8 миллион теңге төлеуге тура келеді. Баға өсуі әр марка мен модельге байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ нарықтың ырқына қарай көтерілетіні анық", – дейді автонарық сарапшысы Эдуард Эдоков.

2026 жылы көлік бағасы қалай өседіИнфографика: Stan.kz

Сонымен қатар автокөліктің соңғы бағасына айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты утилизациялық алым, тіркеу, сақтандыру және басқа төлемдер де әсер етеді дейді автосарапшы. Бұдан бөлек, ол жаңа жылдан бастап қымбат автокөліктерге жаңа акциз (көпшілік тұтынатын заттарға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерге салынатын жанама салық) салынатынын  да ескертті. 

"Салық 70 миллион теңгеден аса бағаға сатылатын көліктерге салынады. Сөйтіп, құны жоғары автокөліктердің бағасын қосымша 10% көтереді. Акциз жаңа "сән-салтанат салығы" ретінде енгізіліп, тек 2026 жылдан бастап қолданылады. Нақтырақ айтсақ, құны 18 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) жоғары көліктерге қолданылады. Қандай жеңіл көліктерге акциз қолданылады? Мысалы, Toyota, Mercedes, Lamborghini сияқты қымбат автокөліктер бар. Жалпы, бағасы жоғары кез келген автокөлік акцизге ұшырайды", – деп түсіндірді автосарапшы.

Эдуард Эдоков автодилерлер мен импорттаушылардан нарықтың жаңа салықтық шарттарға бейімделу кезеңінде арнайы қолдау шаралары, акциялар немесе тиімді ұсыныстар болатынын атап өтті.

"Қазіргі нарық акциялар мен қолдаусыз өмір сүре алмайды. Мысалы, 2025 жылы автокөліктердің шамамен 60%-ы кредит арқылы сатып алынады деген болжам бар. Автосалондар қазір "0%-сыз несие", "0% бөліп төлеу" немесе минималды 4% сияқты субсидияланған кредиттер ұсынады. Мұндай субсидиялар кейде өндіруші немесе дистрибьютор тарапынан несие пайыздарының бір бөлігін өздері төлеп, тұтынушыға тиімді мөлшермеде ұсынады. Сондықтан клиентке 0-3-10% мөлшерлемемен несие берілуі мүмкін. Ал банктің базалық мөлшерлемесі 18% болса, ол субсидияланған несие болып саналады", – дейді автонарық сарапшысы.

Фото: pixabay.com

Сарапшының айтуынша, кейбір модельдерге, мысалы, 2024 немесе 2025 жылғы модельдерге арнайы жеңілдіктер, қысқа мерзімді акциялар ұсынылады.

“Жеңілдік тек ақшаға ғана емес, қосымша пакеттер түрінде де болуы мүмкін. Қысқы шиналар, кеңейтілген кепілдік, техникалық қызмет көрсету, кілемшелер немесе басқа да сыйлықтар. Электр және гибрид автокөліктеріне зарядтау станциясы сияқты сыйлықтар берілуі мүмкін. Бәрі осы принциппен жұмыс істейді және келесі жылы да осындай ұсыныстар жалғаса бермек. Себебі нарық күннен күнге ұлғайып жатыр. Осы кезде сатушылар өсу қарқынын сақтап қалғысы келеді. Бірақ қазақстандықтардың кірістері сол қарқында өспейді немесе мүлде баяу өседі", – деп толықтырды сарапшы.

Эдуард Эдоков 2026 жылдан бастап жағдайдың қиын болатынын жасырмайды. Салық заңнамасындағы өзгерістер мен жеке кәсіпкерлерге арналған салық режиміндегі факторлар нарыққа қысым жасап, шағын және орта бизнестің табысына әсер етеді.

"Егер бизнес жағдайы нашарласа, кәсіппен айналысатын адамдардың табысы артпайды. Сондықтан автомобиль сатып алу да оңай болмайды. Қазіргі автомобиль нарығындағы бағалар соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өсті. Айтарлықтай десем қателмеспеймін. Ұлттық статистика бюросының есебін қарап шықтым. Онда 2024 жылы автомобиль бағалары 20-25 пайызға өскенін жазған еді. Дегенмен осы жылы бағалардың соншалық өскені байқалмады. Тағы Еуразиялық экономикалық комиссияның деректерінде, инфляцияның ең жоғары қарқыны, соның ішінде автомобиль бағаларының да, Еуразиялық одақ елдерінде ең көп өсіп жатқанын көрсеткені жарияланған еді. Сондағы 20%-дық өсімді 2005 жылдары байқамадым", – деді Эдуард Эдоков.

Эдуард Эдоков кей айларда түрлі жеңілдіктер, арнайы ұсыныстар немесе жоғары бәсекелестік нәтижесінде бағалар сәл төмендеген кездер болғанын да жасырмады. Алайда ол жалпы нарықтағы бағалар түспегенін еске салды.

“Автосалон басшыларының өзі не дейді”

Осы ретте 2026 жылдан бастап болатын Қазақстандағы жаңа салықтық жүйеге қатысты Orbis Auto компаниясының бас директоры Динара Искакова өз пікірін білдірді.

"Қосымша құн салығының енгізілуі 2026 жылы баға қалыптастыруға әсер ететін факторлардың бірі болмақ. Алайда нақты пайыз немесе сома айту әлі ерте. Динамика валюталық курс, логистика, жеткізілім шарттары және өндірушілердің шешімдеріне байланысты болады. Қазақстанда өндірілетін автокөліктерге қосымша құн салығы салынбайды. Ал импорттық модельдер жаңа салыққа бағынады. Көбі нарық қатысушылары бағаны ұстап тұруға тырысады, бірақ маржасы төмен кейбір модельдерге бағаны реттеу қажет болуы мүмкін. Orbis Auto-ның міндеті – жаңа салықтық шарттардың соңғы сатып алушыға әсерін барынша жұмсарту", – дейді бас директоры Динара Искакова.

Динара Искакованың сөзінше, компания қазір бағаны барынша тұрақты және болжамды деңгейде ұстап тұру бағытында жұмыс істейді.

"Әртүрлі сценарийлер алдын ала қарастырылады және жаңа салықтық жағдайларда мүмкіндігінше автокөліктің бағасын нарықтық шектерде ұстап тұруға тырысамыз", – деп түсіндірді.

Бұдан бөлек ол қосымша құн салығынан бөлек бағаға әсер етуі мүмкін факторларды атап шықты: 

  • валюталық курстардың ауытқуы;
  • логистика және өндіріс шығындарының өзгеруі;
  • жеткізілім шарттары мен өндіріс мерзімдері;
  • жинақтау деңгейінің жергілікті болуы;
  • халықаралық автөнім өндірушілерінің бағалық саясаты және комплектация өзгерістері.
"Біз сатып алушылар үшін арнайы ұсыныстар, қаржыландыру бағдарламалары, трейд-ин сияқты қолдау шараларын қарастырамыз. Қысқа мерзімде сұраныс уақытша төмендеуі мүмкін, бірақ нарық жаңа шарттарға тез бейімделіп, тұрақтылық пен даму әлеуетін сақтайды", – деді Динара Искакова.

Ал Astana Motors компаниясының берген жауабы да дәл осындай.

"Әртүрлі баға санатындағы модельдерді ұсынып, нарықтық жағдайға икемді түрде жауап береді. Актуалды ақпарат, арнайы ұсыныстар мен клиенттерге арналған қолдау бағдарламалары ресми сайттарда жарияланады", – деп түсіндірді Astana Motors.

“Қытай ойын ережесін өзгертті”

Ал мінілген көлікті дәл қазіргі сәтте сату тұралап қалды дейді сарапшы Эдуард Эдоков. Ол өзінің танысын мысалға алып, қазір ескі көліктердің сатылмайтын жатқанын айтады.

"Танысым биыл ақпан, наурыз айынан бастап өте танымал жапондық Jeep көлігін сатқысы келіп жүр. Бұрын бұл көлік бір аптада өтіп кететін. Яғни, жарты жылдан астам уақыт бойы осы көлікке сұраныс жоқ. Қазір Қазақстандағы мінілген көлік нарығы өте бәсең. Бұрын тез өтетін танымал жапон көліктеріне де сұраныс жоқ. Себебі салондағы жаңа қытайлық автокөліктер тиімді шарттармен, ұзақ кепілдікпен және заманауи жабдықтармен пайдаланылған 5-6 жылдық көліктермен бірдей бағада ұсынылып отыр. Сондықтан қазақстандықтар ескі жапон және неміс көліктерінен жаңа қытайлық автокөліктерге жаппай көшіп жатыр", – деп түсіндірді Эдуард Эдоков.
Айым Атамбаева
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 14:18