Көлік министрлігі шенеуніктердің, дін қызметкерлері мен депутаттардың әуежайлардағы VIP залдарға тегін кіруін түсіндірді
Үкімет әуежайлардың бизнес-залдарында тегін қызмет алуға құқығы бар жоғары лауазымды тұлғалар тізімін жаңартқан еді. Көлік министрлігі жаңа тізімге қатысты түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Вes.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Тізімге бұрынғы президенттер, президенттің отбасы мүшелері, "Бәйтерек" холдингінің басшысы және басқа да тұлғалар қосылды. Ең қызығы, қолданыстағы тізімде Қазақстанның діни жетекшілері мен саяси партия басшылары бұрыннан бар болатын.
Әуежайлардағы арнайы залдар жолаушыларға жоғары деңгейдегі жайлылық ұсынады. Жеке күту бөлмелері, жеңілдетілген тіркеу, тамақтану және жеке көмекші қызметтері. Бұл залдарға кейбір тұлғаларға мемлекеттік бюджет есебінен тегін кіруге құқылы. Себебі олардың мәртебесі ресми міндеттерін орындаумен байланысты. Ал қарапайым жолаушылар үшін бизнес-залдарға кіру ақылы немесе белгілі бір премиум карталары арқылы қолжетімді, қызмет бағасы 35 доллардан басталады.
Көлік министрлігі бизнес-залға кіре алатындардың жаңа тізіміне қатысты түсініктеме берді. Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылғы 13 ақпанда қабылданған президент жарлығы негізінде өзгеріс енгізілген.
"Қазіргі уақытта қаулы жобасы мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде. Ол қаржы, сыртқы істер, ұлттық экономика, әділет, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен, сондай-ақ басқа да ведомстволармен келісілетін болады", – деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы ресми және салтанатты іс-шараларды өткізуді реттейді. Онда лауазымды тұлғалардың ресми кездесулерге қатысу тәртібі мен оларға көрсетілетін құрмет деңгейі белгіленген. Қолданыстағы хаттама бойынша, ұлттық компания басшылары хаттамадағы 49-орында тұр, ал саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары – 51-орында.
Сонымен қатар, министрлік қаулы жобасы көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру мен қаржыландыру мәселелерін реттемейтінін, тек арнайы залдарға кіруге рұқсаты бар тұлғалар тізімін айқындайтынын атап өтті. Басқаша айтқанда, заң жобасы бұл тұлғаларға VIP-залдарға тегін кіру мүмкіндігін береді, бірақ қосымша қызметтер үшін өздері төлеуі тиіс.
Мәжіліс депутаты, "Ақжол" партиясының төрағасы Азат Перуашев журналист сұрағына қысқа жауап берді. Ол VIP-залдарды уақыт тапшылығына байланысты пайдаланатынын айтты. Бірақ депутаттар үшін жеңілдік қарастырылғанын атап өтті.
"Кеңес дәуірінде әуежайлар мен вокзалдарда депутаттарға тегін қызмет көрсететін арнайы залдар болған. Қазір олай емес. Жеңілдік бар, бірақ қосымша төлеу керек. Осылай болғанын дұрыс деп санаймын", – деді Азат Перуашев.
"Respublica" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров VIP-залдарды партия жетекшісі ретінде емес, банк клиенті ретінде пайдаланатынын мәлімдеді.
"Маған саяси партиялардың ұйым ретінде VIP-залдарды пайдаланатыны белгісіз. Мен он бес жылдан астам уақыт бойы VIP-залдарды тек практикалық себептермен таңдаймын. Жиі тығыз жұмыс кестесіне байланысты әуежайға тіркеу аяқталар кезде келемін, сондықтан барлық рәсімдерден тез өту мүмкіндігі мен үшін маңызды. Сондай-ақ, көпбалалы әке ретінде балалармен сапар шеккенде жайлылық пен уақыт үнемдеуді бағалаймын. Алайда, ұшақтан түскенде жалпы залды пайдаланамын", – деді Айдарбек Ходжаназаров.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да VIP-залдарға қатысты жауап берді. ҚМДБ баспасөз қызметі жоғары муфтидің әуежайлардағы арнайы залдарға кіру құқығы бар тұлғалар тізіміне енгенінен хабарсыз екенін мәлімдеді.
"Қазақстанның Бас мүфтиінің аталған тізімге енгізілетіні туралы ҚМДБ-ға ешқандай ресми хабарлама немесе келісу туралы өтініш түспеген", – делінген хабарламада.
2024 жылы қазақстандықтар VIP нөмірлерге 15,8 миллиард теңге жұмсаған
Сонымен қатар, ҚМДБ VIP-қызметтерді тек ерекше жағдайларда – шақырушы тараптың бастамасымен немесе республикалық деңгейдегі шұғыл іс-шараларға қатысу қажеттілігі туындаған кезде ғана пайдаланатынын атап өтті. Басқа уақытта Бас мүфти Наурызбай қажы Таганұлы негізінен эконом-класс рейстерімен ұшады.
ҚМДБ жауабында діни көшбасшыларға мұндай артықшылықтар беру мемлекеттік органдардың құзыретінде екені көрсетілген. Сонымен қатар, бұл шаралар Қазақстанның мұсылман әлеміндегі халықаралық беделін нығайту және Бас мүфтидің қызметтік сапарларын оңтайландыру үшін маңызды деп саналады.
Бұған дейін Қазақстан үкіметі әуежайлардың VIP-залдарында тегін қызмет алуға құқығы бар тұлғалар тізімін кеңейткен болатын. Көлік министрлігі жариялаған қаулы жобасында жаңа санаттағы лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және діни көшбасшылар қамтылған. Өзгерістер мемлекеттік хаттаманы жаңартуға бағытталғанымен, кейбір тармақтар заңнамалық қайшылықтар тудырды.
Жаңартылған тізімге бұрынғы президенттер, қазіргі президенттің отбасы мүшелері, "Бәйтерек" холдингінің басшысы, Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасарлары, протокол қызметкерлері және дипломаттар кірді.
Ең көп талқылау тудырған мәселе – мемлекеттік бюджет есебінен діни көшбасшыларға берілетін артықшылықтар. Бұл шешім Конституцияның 1-бабына және "Діни қызмет туралы" заңға қайшы болуы мүмкін, себебі заңда діни ұйымдарды тікелей мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салынған.
Жоба әзірлеушілері бұл өзгерістер Қазақстанның халықаралық беделін нығайту және дипломатиялық миссияларды қолдау үшін қажет деп түсіндірді.