Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолаушылар тасымалы" Қазақстанда пойыздардың неге 200 км/сағ жылдамдықпен жүрмейтінін түсіндірді

Фото: ҚТЖ

"Жолаушылар тасымалы" АҚ басқарма төрағасы Ануар Ахметжанов Қазақстанда пойыздардың неліктен сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүрмейтінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, елімізде жолаушылар және жүк пойыздары бірдей теміржол желісін пайдаланады. Ауыр жүк құрамдары рельстерді, шпалдарды және бұрмаларды әлдеқайда тез тоздырады. Сондықтан жоғары жылдамдықтағы пойыздарға арналған инфрақұрылымды ұдайы күтіп ұстау орасан зор қаржыны қажет етеді.

"Әрине, сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүретін пойыздарға инфрақұрылым жасауға инвестиция салуға болады. Бірақ ауыр жүк пойыздары бар жағдайда оның күтімі өте қымбатқа түседі. Мұндайда билет бағасы немесе жүк тасымалы тарифтері көтерілуі мүмкін. Ақыры біреу ол шығынды өтеуі керек", – деді Ахметжанов.

Ануар Ахметжановтың сөзінше, бүгінде Қазақстанда пойыздардың жылдамдығы мен инфрақұрылым жағдайы арасында белгілі бір ымыра табылған. Жолаушылар пойыздарының ең жоғарғы жылдамдығы сағатына 140 шақырым, ал кәдімгі пойыздар бұдан баяу жүреді. Бұл олардың конструкциялық мүмкіндіктеріне сәйкес келеді.

Ахметжанов атап өткендей, локомотивтер мен вагондардың жылдам жүруге әлеуеті бар, алайда теміржол мен инфрақұрылымның жағдайы оны пайдалануға мүмкіндік бермейді.

Бұған дейін ол "Тальго" пойыздарын "нашар жолдағы Mercedes" деп атаған еді. Себебі бұл құрамдар сағатына 160 шақырымға дейінгі жылдамдыққа бейімделген. Алайда Қазақстанда олар жүк пойыздарымен бірге жүріп, инфрақұрылым жоғары жылдамдыққа төтеп бере алмай отыр.

Қазіргі елімізде шамамен 700 "Тальго" вагоны бар. Жолаушылардың пікірінше, олардың басты кемшілігі – габаритінің шағындығы. Мұндай вагондардың пайдалану мерзімі – 40 жыл. Соңғы партиясы Қазақстанда 2022 жылы шығарылған.


Қазақстанда енді пойыз жолаушылары қол жүгінің артық салмағы үшін ақы төлейді


"Суретке түспек болған": Шымкентте пойыздың үстіне шыққан 11 жастағы баланы тоқ соқты


Еске салайық, бұған дейін Астанадағы “Otpan Logistic” компаниясы мемлекеттен жыл сайын 800 млн теңге субсидия алып, жаңа вагондар сатып алуға міндеттелген. Алайда шартты орындамай, күрделі жөндеуден өткен ескі вагондарды ұсынған. Жолаушылардан шағымдар түсіп, апелляциялық сот келісімді мемлекеттік орган пайдасына бұзды. Компания “Маңғыстау – Ақтөбе” бағыты бойынша пойыз жүргізеді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 17:12
Талқылау