Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жалған диплом сатып алуға бола ма – Министрлік жауап берді

жалған дипломФото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Қазақстанда жалған диплом сатып алуға бола ма деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Вице-министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда жалған диплом сатып алу "мүмкін емеске жақын", себебі берілген барлық жоғары білім туралы құжаттардың шынайылығын тексеруге болады.

"EPVO атты сайт бар. Кез келген жұмыс беруші диплом нөмірін енгізу арқылы оның қашан және қай жылы берілгенін көре алады", – дейді Көбенова.

Оның айтуынша, бүгінде 1991 жылдан бері берілген барлық дипломдар цифрландырылған.

"Бұл 3,5 миллионнан астам құжат деген сөз. Ал соңғы жылдары беріліп жатқан дипломдарда QR-код пен сериялық нөмір бар, сол арқылы адамның расымен оқыған-оқымағанын тексеруге болады", – дейді шенеунік.


"Қызыл алса Дубайдан пәтер": Қазақстандық диплом алған інісіне 2 миллион теңге көрімдік берді

Түркістан облысында 500-ге жуық мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп келген


Дегенмен дипломға қатысты алаяқтық жағдайларын толық жоққа шығару мүмкін емес. Интернетте жалған диплом сату туралы жарнамалар әлі де кездеседі.

"Әрине, алаяқтар жоқ емес, олар диплом сату туралы жарнамалар жариялап отырады. Біз бұл бағытта цифрлық даму министрлігі, ішкі істер министрлігі және мәдениет министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін еске салғым келеді", – деді вице-министр.

Айта кетейік, жуырда жалған дипломдар тақырыбы қайта көтерілді. Бұл мәселе қайырымдылыққа арналған қаражатты жымқырып, алаяқтық жасады деп айыпталған Перизат Қайраттың ісі бойынша сот процесі аясында талқыланды.

Сот барысында Перизат Қайрат пен оның құрбысы арасындағы хат алмасудың бір бөлігі оқылды, онда айыпталушы құрбысынан "диплом жасап беруді" сұрайды. Сондай-ақ сотта Перизат Қайраттың министрдің кеңесшісі қызметіне орналасуға тырысқаны, алайда білімі туралы құжаттарды ұсынбағандықтан бұл орынға қабылданбағаны белгілі болды.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 20:16
Талқылау