Қазақстанның Қылмыстық кодексінде жаңа бап пайда болмақ
Қазақстанның қылмыстық кодексі жаңа баппен толықтырылады. Енді сыйақыны заңсыз бергендер жауапқа тартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хбарлайды.
Мәжілісте кейбір заңнамалық актілеріне “сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша” және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары қаралды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, өзгерістер мен толықтырулар "жедел-іздестіру қызметі туралы" заңға түзетулер енгізуді көздейді.
"Заңға енгізілген түзетулер бопсалау белгілері болған кезде заңсыз сыйақы алу фактілерін анықтау мақсатында арнайы жедел іс-шаралар өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қылмыстық кодекс сыйақыны заңсыз бергені үшін жауапкершілікті көздейтін 247-1-баппен толықтырылады", – деді Сарқұлов мәжіліс отырысы кезінде.
Антикор төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, бұл тек алушыларды ғана емес, заңсыз сыйақы берушілерді де жауапқа тартуға мүмкіндік береді.