Қазақстанда ұйымдар ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқығын бұзғаны үшін 60 миллион теңге айыппұл арқалаған
Қазақстандық ұйымдар ерекше қажеттігі бар адамдардың құқықтарын бұзғаны үшін жалпы сомасы 60 миллион теңгеден асатын 300-ге жуық әкімшілік айыппұл алды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің аумақтық департаменттерінің мамандары 2022 жылы мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және басқа да салалардағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне 1062 тексеру жүргізді. Олардың қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 900-ден астам ұйғарым берілді.
"Бұзушылықтардың көбі Түркістан (бұзушылықтардың жалпы санының 23 пайызы), Қостанай (22 пайыз) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (жеті пайыз) анықталды. Бұзушылықтардың негізгі бөлігі жеке кәсіпкерлік объектілері мен 2015 жылға дейін пайдалануға берілген объектілерге тиесілі", — делінген хабарламада.
Негізгі ескертулер – пандустың көлбеу бұрышының сәйкес келмеуі, санитарлық-тұрмыстық үй-жайларға, баспалдақтардағы тұтқаларға, тұрақ орындарына және басқаларға қолжетімділіктің болмауы.