Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ұялы телефондарды жаппай бұғаттау ұсынылды: Бұл кімдерге қатысты болмақ

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, әр адамға шетелден тек екі ұялы телефон кіргізу жөнінде шектеу енгізуді ұсынды. Сөзінше, шекарадан кіргізілген ұялы телефондар саны асып кетсе, азамат мұны декларациялауы қажет. Ал тіркелмеген ұялы телефондарды байланыс операторлары бұғаттауы қажет дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

телефон

Фото: asiaplustj.info

11 ақпанда Қазақстанда ұялы телефонды тіркеуге қатысты ереженің өзгергені белгілі болды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұйрығына сәйкес, 24 наурыздан бастап тіркелген ұялы телефондардың “ақ”, “сұр” және “қара” тізімі пайда болады. 

Енді идентификациялық кодтар базасының операторы (БДИК) құрылғылардың ұялы байланыс желілерінде заңды түрде қолданылуын тексереді. Егер құрылғы ресми дүкеннен сатып алынып, барлық салықтар мен кедендік төлемдер төленсе, ол “ақ тізімге” енеді. Егер құрылғының шығу тегі күмән тудырса (мысалы, IMEI-код қайталанса), оны “сұр тізімге” енгізеді. Пайдаланушыға 30 күн ішінде мәселені шешуге уақыт беріледі. “Ақ тізімге” қосылу үшін заңды сатып алынғанын растайтын құжаттар ұсынылуы керек. Егер телефон қолдан жасалған немесе ұрланған болса, ол “қара тізімге” енгізіледі және байланыс желілеріне қосыла алмайды.

Ал 12 ақпанда мәжілістің жалпы отырысында Екатерина Смышляева аталған мәселені көтерді. Мәжілісменнің сөзінше, “сұр” схема арқылы елге кіргізілген ұялы телефондардың үлесі жалпы нарықтың 64%-на тең. Тек қосылған құн салығының өзінен мемлекет 100 миллиард теңгеге жуық қаржыдан қағылған. 

“Құрылғыны елге кедендегі тіркеусіз кіргізеді немесе түпнұсқаның орнына арзан көшірмесін сатады. Гаджетті заңды түрде кіргізуі мүмкін, бірақ құжатта бағасын түсіріп көрсетеді. Қымбат флагмандық смартфондар бюджеттік модель ретінде рәсімделеді. Алаяқтар ресми тіркелген құрылғыдан олардың айрықша нөмірін ұрлап, контрабандалық телефондарына қосады. Осылайша заңды гаджетке айналады. Бір код 5-6 заңсыз кіргізілген телефонда қолданылады. Кейде код бірнеше жыл қолданылуы мүмкін. Ал код тіркелген негізгі телефон 10 жыл бұрын шығарылғаны анықталады. Шекарадан өткен кезде салықтан жалтарып, көп телефон кіргізу үшін олар басқа адамдардың немесе жалған төлқұжат пайдаланады”, – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, кейінгі жылдары дүкендер алдымен салық төлеп, кейін тауарды елден шығарғандай қайта рәсімдейді екен. Осылайша олар төленген салықты қайтарып алады. Ал телефон ел ішінде қалып, заңсыз сатылатын көрінеді. 

“Оның үстіне мобильді байданыс құрылғыларын тіркеу үшін қосымша бақылау маркерлерін ойлап табудың керегі жоқ. Гаджетті шығарушылар оларды IMEI-код түрінде енгізіп қояды. Кодты тексеруге арналған халықаралық база да бар. Қаңтарда бұл салада тәртіп енгізу үшін цифрлық даму министрлігі алғашқы қадамдарын жасады. Абоненттік құрылғыларды IMEI код арқылы қолданушының ЖСН-не тіркеу жайды бұйрық қабылданды. Сондай-ақ бұйрыққа сәйкес тіркелмеген құрылғылар бұғатталады. Бірақ салаға қатысты бұйрық қабылдау – атқару керек шараның тек жартысы. Кедендік тіркеуге қатысты қатаң заңнама болмаса, бұл қолданушының өмірін қиындатады. Ал шетелден гаджетті заңсыз алып келетіндер жазаға тартылмайды. Заңды және заңсыз құрылғыны ажыратуға арналған нақты тәртіп жоқ. Сондай-ақ екінші нарық пен реэкспорт есепке алынбаған”, – дейді депутат. 

Сондықтан Amanat фракциясының депутаттары келесі ұсыныстарын енгізді: 

  • Гаджетті заңсыз алып келгенін және салықтың төленгенін тексеру үшін IMEI жүйесін кеден деректерімен байланыстыруды қамтамасыз ету;
  • IMEI мен Интеллектуалды меншік нысандарының кедендік тізімін автоматты түрде салыстыруды қамтамасыз ету;
  • Кедендік процедуралардан заңды түрде өткен құрылғылардың “ақ” тізімін дайындау керек. Сондай-ақ тұтынушы сатып алар кезде мұны тексере алуы қажет.
  • Шектеу енгізу, жылына екі құрылғыдан артық кіргізбеу. Егер саны одан асып кетсе, құрылғыларды декларациялауы қажет. 
  • Құрылғыларды автоматты түрде тексеруді қамтамасыз еткеннен кейін ғана байланыс операторының желісіндегі заңсыз телефондардың бұғатталуын тұрақты негізде қамтамасыз ету. Бұл ретте ережелер шыққанға дейін елге әкелінген құрылғылар қызмет ету мерзімі аяқталғанға дейін заңдастырылуы және айналымнан табиғи түрде шығарылуға тиіс. Өйткені,азаматтар оларды түпнұсқалығын тексере алмай сатып алды. 
  • Мобильді құрылғылардың көлеңкелі нарығын бақылауды заңнамалық реттеу бөлігінде фракцияның ұсыныстары бойынша үкіметтің қорытындысын дайындауды жеделдету. 
  • Ұсынылған шаралар заңсыз импортты азайтады, тұтынушыны қорғайды және импорттаушыларға әділ салық салуды қалпына келтіреді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда дұрыс тіркелмеген смартфондар бұғатталатыны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау