Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Талапкерлердің 75 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады

Фото: gov.kz 

Қазақстанда 2025 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) негізгі кезеңі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тестілеу 7 шілдеге дейін жалғасады.

Барлық талапкерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға және грант конкурсына ең жақсы нәтижемен қатысуға мүмкіндік берілді. Алайда олар екі ретінде де тек бір ғана бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алды.

Биыл тестілеуге қатысу үшін шамамен 216 мың талапкер өтініш берген. Екі мүмкіндік ескерілгенде, барлығы 399 мыңға жуық өтініш қабылданған. 2024 жылы — 186 мың талапкер, екі мүмкіндікті қосқанда 342 мың өтініш болған. Талапкерлердің 75%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыруды таңдаса, шамамен 25%-ы — орыс тілінде, ал 266 адам — ағылшын тілінде тапсырады.

"Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеудің күнін, уақытын және өтетін орнын өздері таңдады. ҰБТ-ның алғашқы күнінде еліміз бойынша 4589 адам тест тапсыруда, оның ішінде елордада – 323 талапкер. Жалпы республика бойынша ҰБТ 46 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған", – деді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

ҰБТ-дағы пәндер саны өзгеріссіз: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлығы 120 тапсырма қарастырылған, оның ішінде:

– "Қазақстан тарихы" пәнінен – 20,

– "Оқу сауаттылығы" пәнінен – 10,

– "Математикалық сауаттылықтан" – 10,

– екі бейіндік пәннен – әрқайсы 40 тапсырмадан.

Ең жоғары балл – 140. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут беріледі.

Оқуға түсу үшін талап етілетін шекті баллдар да өзгеріссіз қалды: "Құқық" пен "Педагогика ғылымдары" бағыттары бойынша кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" бағытында кемінде 70 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау қажет.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кірер кезде тыйым салынған заттар әкелінбеуін қадағалау үшін қол және рамалық металл детекторлары қолданылады.

Тестілеу өтетін аудиторияларда мобильді және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын шектейтін құралдар қолданылады. Сонымен қатар видеоқадағалау жүргізіледі.

ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін видеожазбалар талданады. Егер тыйым салынған заттарды қолдану немесе басқа ережелерді бұзу фактілері анықталса, талапкердің ҰБТ нәтижелері жарамсыз деп танылады.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ҰБТ өткізу мерзімі өзгергені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Мамыр, 2025 21:55
Талқылау