Қазақстанда утиль алымы бойынша петиция күшін жойды: Министр қорытындысын жариялады
19 шілдеде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утиль алымына қатысты петицияны қарастырудың қорытындысын шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Wfin.kz
Министрліктің дерегінше, жұмыс тобының отырыстарын өткізу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген.
"Онда Көкшетау, Алматы, Семей, Қостанай қалаларындағы машина жасау кәсіпорындарына бару болды, оған "КАМАЗ-Инжиниринг", "Kazrost Engineering Ltd.", "Қазақстан агроинновациялық корпорациясы", "Hyundai Trans Almaty", "Hyundai Trans Kazakhstan", "СемАЗ", "Daewoo Bus Kazakhstan" зауыттары кірді. Сапарлар нәтижесінде петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырыстары өткізіліп, онда петицияда айтылған ойларға және құжат авторының бастамасымен көтерілген басқа да сұрақтарға жауаптар берілген", – делінген хабарламада.
Министрлік петицияны қарау барысында оның авторы мен бастамашыл тобы қайта өңдеу төлемін енгізу бәсекелестіктің бұзылуына әкеліп соқтырғанын және соның салдарынан автокөліктердің, ауылшаруашылық техникалары мен арнайы техникалардың бағасының күрт өсуіне сондай-ақ автокөлік паркінің ескіруіне әкелді деген уәждерін айтты.
Бұдан бөлек петицияда "Жасыл Даму" АҚ утилизациялау жөніндегі міндеттемелерін орындамай, Экологиялық кодекс талаптарын бұзып отырғаны айтылған.
"Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар өтiнiштiң дәлелдерiмен және оған келiп түскен ескертулермен келiспейтiнiн бiлдiрдi. Осылайша енгізілген ӨКМ қағидатының арқасында елдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және утилизация үлесі 2016 жылғы 2%-дан 2023 жылғы 23%-ға дейін ұлғайды.
2016 жылдан 2022 жылғы қаңтарға дейінгі кезеңде "ӨКМ операторы" ЖШС тозығы жеткен көлік құралдарын утилизациялау бойынша 215 455 көлік құралын және пайдаланудан шыққан өздігінен жүретін 3,507 ауыл шаруашылығы техникасын жинады, 197 816 көлік кәдеге жаратылды", – деді министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство хабарлағандай, бүгінде экология және табиғи ресурстар министрлігі пайдаланылған ТЖКҚКЖ және ПШӨЖАШТ кәдеге жарату бойынша жаңа бағдарламаны әзірледі. Онда барлық кәсіпкерлік субъектісінің монополиясыз қара металды қайта өңдеуді жүзеге асыру мүмкіндігін көздеп отыр.
"Көлік құралдарының утиль алымы 2016 жылы Қазақстан ДСҰ-ға кіріп, жаңа автокөліктерге әкелінетін кедендік баж салығын 30%-дан 15%-ға, сондай-ақ ескі көліктерге 48%-дан 15%-ға дейін төмендеткеннен кейін енгізілді. Бастапқы тіркеу жарнасы паркті жаңартудың және ескі және экологиялық таза емес көліктердің импортын реттеудің тиімді және дұрыс механизмі. 2 жасқа толмаған автокөліктер үшін төлем 0,25 АЕК (923 теңге). Ол тұрғындар арасында жаңа автокөліктерді сатып алуға сұранысты ынталандыру арқылы еліміздің көлік паркін жаңартуға бағытталған. Утиль алымы ішкі нарықты экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі көліктерден қорғау шарасы бола отырып, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған және отандық өндірісті дамытуға жанама түрде ықпал етеді", – деп жауап берді министрлік.
Барлық кәсіпорынның шанақ пен кабинаны дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операцияларды қолдана отырып, ірі агрегатты құрастырудан шағын агрегатты құрастыруға кезең-кезеңімен көшуіне бағытталған жағдайлардың белгіленгенін атап өту маңызды. 2027 жылға қарай шағын түйін әдісі бойынша автомобиль өндірісінің үлесін жалпы өндірістің 50%-ына дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып екен.
Еске салайық, бұған дейін индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қайта өңдеуге қатысты жағдайға түсініктеме бере отырып, "біз шоу үшін емес, диалогқа дайынбыз" деген еді.