Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай базасы құрылады
Фото: freepik.com
Индустрия және құрылыс министрлігі елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарушы субъектілердің ашық тізілімі жасалатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл қадам азаматтарға өз үйлерін кім басқаратыны (кондоминиум нысандарын басқарушылар – ЖШС, ПИК, басқарушы компаниялар), оларға қандай ұйымдардың қызмет ететіні, төтенше жағдайлар туындағанда немесе тариф пен сметаға қатысты сұрақтар туындағанда қайда жүгіну қажет екенін білуге мүмкіндік береді.
"Тізілімде әр тіркелген басқарушы субъект бойынша өзекті деректер мен мәліметтер қамтылады. Олардың заң және нормативтік актілер талаптарына сәйкестігі де көрсетіледі", – делінген хабарламада.
Тізілім тұрғын үй инспекцияларының жұмысын жеңілдетеді. Төрағалар мен басқарушылар ауысқанда сабақтастықты сақтауға көмектеседі. Азаматтардың өтініштерін қарау үдерісін жеделдетеді және жылдық сметалар мен ай сайынғы тарифтердің есептелуін ашық етеді.
"Бұл тізілімді құру – жай ғана формалдылық емес, ол кондоминиум объектілерін басқарудағы көлеңкелі схемаларды жоюға, заңсыз әрекеттерді азайтуға және тұрғындар мен басқарушы құрылымдар арасындағы сенімді қалпына келтіруге бағытталған нақты қадам", – делінген министрлік ақпаратында.
Жоспар бойынша, жыл соңына дейін барлық басқарушы субъектілер тізімге тіркелуге, деректерін жаңартуға, қажет болған жағдайда қайта тіркеуден өтуге міндетті. Пәтер иелерінің кооперативі үшін бұл міндетті рәсім. Талап орындалмаған жағдайда, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады.
Бұдан бөлек, тұрғын үй инспекторларының тексеру парақтары бірыңғай стандарт қалыптастыруға ықпал етеді. Мысалы: күрделі жөндеуге арналған жинақ шоттарын ашу, жөндеу жұмыстарын мерзімінде орындау, тұрғын үй қорының апатты жағдайға жетуіне жол бермеу сияқты талаптар нақты белгіленбек.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
