Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда түрмеде отырған қанша адамға рақымшылық жасалмақ

Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды қабылдап, сенатқа жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заң жобасын таныстырған депутат Абзал Құспанның мәлімдеуінше, рақымшылыққа 15 мың адам ілігеді.

"Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам қамтылады. ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Одан бөлек, бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың мәлімет: жұмыс тобының соңғы отырысында жұмыс тобының мүшелері-депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін іске асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы 1 жыл қалған, оң мінезделетін 1700-ден астам сотталған азаматтар босап шығады. Ол өзгеріс заң жобасының 2 және 3-баптарында көзделген", – деп мәлімдеді Абзал Құспан.

Депутат келтірген дерекке сүйенсек, бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 мың сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап, қысқарту қолданылады. Барлық мерзімді қысқарту 11 мың адамды қамтиды.

Сонымен қатар рақымшылық жасау әрекетіне әлеуметтік осал адамдар санатынан 629 адам (барлығы 2373) жатады, олардың 57-сі босатылады және 572 адамға мерзім қысқартылады.

Рақымшылық жасау туралы заң жобасы 833 әйелге де қатысты (2704-і рақымшылыққа ілікпейді), оның ішінде 109-ы босатылады және 724-і мерзімі қысқартылады.
ӘОА санатындағы 481әйел (барлығы 1401):

  • кәмелетке толмағандар – 2;
  • жүкті әйелдер – 10;
  • кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер/бала кезінен мүгедектер – 331;
  •  мүгедектігі барлар – 2;
  • зейнет жастағы әйелдер – 136.

"Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды", – дейді депутат.

Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормаларды қамтиды. Олар бойынша 1 773 адам тергеу органдарының шешімі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Оның ішінде 99-ы тергеу изоляторларында, ал 1 674 адам бойынша соттар үкім тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту және босату туралы заң жобасының ережелерін қолдану көзделген.

Рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әр сотталушыға қатысты жеке қабылдайды.

Бұдан басқа, заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру жөніндегі міндеттер жүктеледі.

Депутаттың айтуынша, рақымшылық жасау мемлекеттік шығыстарды оңтайландыруға (жылына шамамен 5 млрд теңге) және жүктемені азайту есебінен ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Күніне 22,5 млн теңге бюджет қаражаты үнемделеді. 1 сотталғанға жұмсалатын жалпы шығын – 2900 теңге, тиісінше жылына 4,8 млрд теңге үнемделеді.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 11 Маусым, 2025 11:30
Талқылау