Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігі қашан қайта құрылады: Тұрғымбаев жауап берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ІІМ басшысы төтенше жағдайлар комитетін ішкі істер министрлігінің құрылымынан бөлу бойынша жұмыстар қалай жүргізіліп жатқанын айтты.
"Арнайы комиссия құрылып, алдағы уақытта төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің құрамында қызмет ететін 25 мыңға жуық адамның тізімі нақтыланып, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар бөлініп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы бір айдың ішінде аяқталады", - деп Тұрғымбаевтың сөзін келтірді Ақорда.
Сонымен қатар Ерлан Тұрғымбаев "полиция қадамдық қолжетімділікте" қағидаты бойынша реформалау жұмысының барысы туралы айтты.
Жергілікті полиция қызметкерлері барлық өңірлердегі тұрғындармен тығыз жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасайды, деп сендірді Тұрғымбаев.
Елімізде учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін заң жүзінде бекіту жоспарлануда. Олар автокөлікпен, фото-видео бақылау құрылғыларымен, электронды планшеттермен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек кездесуде Ішкі істер министрлігінің жұмысын цифрландыру мәселесі де қозғалды. Қазірдің өзінде министрлік жұмысының 83% электронды форматқа көшкен. Жыл соңына дейін бұл межені 91% жеткізу көзделіп отыр.
Тоқаев белгіленген реформаларды тиімді жүргізу қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін президент халыққа жолдауында төтенше жағдайлар министрлігін қайта құруды ұсынған еді.