Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шетел азаматтарына арналған казино аймақтары кеңейеді

Фото: freepik.com

Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласы мен балалар спортын қолдауға арналған заңға қол қойды. Құжатта, сонымен қатар, елімізде ойын бизнесі нысандарын орналастыруға рұқсат етілетін аумақтар тізімі кеңейтілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Енді елдің бірнеше өңірінде жаңа ойын аймақтары ашылуы мүмкін. Заңға сәйкес, казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар орналастырылатын аумақтар тізімі кеңейтілді.

Бұған дейін мұндай ойын аймақтары Қапшағай мен Бурабай өңірлерінде ғана болған. Енді жаңа ойын аймақтары Маңғыстау облысы, Жетісу облысы, Алматы облысы және Шығыс Қазақстан облысы аумақтарында ашылмақ. Депутат Амангелді Есбайнің айтуынша, жаңа ойын аймақтарындағы казиноға тек шетел азаматтарының кіруіне рұқсат беріледі.

Депутат Амангелді Есбайнің айтуынша туризм саласындағы кейбір маңызды мәселелерді шешуге назар аударылды.

Заңда визит-орталықтардың мәртебесі туристік инфрақұрылымның жеке нысаны ретінде заң жүзінде бекітілді. Сондай-ақ олардың туристік бағыттарда орналасу тәртібі, салу, қайта жаңарту және жабдықтау ережелері анықталды.



Сонымен бірге халықаралық тұрақты автобус рейстеріне ғана емес, туроператорлар ұйымдастыратын тұрақты емес рейстерге де мемлекеттік шекарадан өту мен құжат рәсімдеу жеңілдетіледі.

Депутаттың айтуынша, заңда туризм саласындағы бірқатар ұғымдар да нақты анықталады. Олардың қатарында гид, экскурсовод, туризм нұсқаушысы, туристік ресурстар және туризм нысандары бар.

Заңдағы тағы бір өзгеріс балалар-жасөспірімдер спортын қаржыландыру жүйесіне қатысты.

Балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыратын бірыңғай оператордың есебі енді жыл сайын аудиттен өтеді. Сонымен қатар, мемлекеттік спорт мектептерінде әр оқушыға бөлінетін қаржы мөлшері нақты анықталады

STAN.KZ
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 17:46