Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шамамен 800 мың киік атылмақ

Жайылымдағы ақбөкендерФото: Wikimedia Commons

Экология министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда шамамен 800 мың киік атылуы мүмкін екенін және өлген киіктердің етін өңдейтін арнайы комбинат салу жоспарланып отырғанын айтты. Қазірдің өзінде бұл жобаға алты компания қызығушылық танытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл көктемде жүргізілген ресми санақ нәтижесінде киік популяциясы 3 миллион 900 мың басқа жеткен. Ғалымдардың пікірінше, жануарлардың шамадан тыс көбеюі жайылым жүктемесін арттырып, экожүйеге зиян келтіруі мүмкін. Осыған байланысты мамандар ақбөкендер санын 20 пайызға қысқартуды ұсынған.

"Ғылым киіктердің жалпы популяциясының 20%-нан арылуды ұсынады. Қазір көктемгі есеп бойынша олардың саны 3,9 млн болды. 2,3 млн-ы Оралды, 1,6 млн-ы Бетпақдаланы, 78 мыңы Үстіртті мекендейді. Яғни біз шамамен 800 мың бастан арылуымыз керек. Онда жыныс пен жасы қандай болуы керек екендігі де анықталған: 40 пайызы еркек, 40 пайызы ұрғашы, 20 пайызы киік төлі", – дейді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Еске салсақ, жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға 1,5 мың ақбөкенді сыйға тарту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген еді. Сол арқылы Қытайда олардың популяциясын қалпына келтіру көзделген.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 26 Маусым, 2025 18:15