Қазақстанда салықтық рақымшылық бола ма – Премьер-министр түсіндірді
Фото: Stan.kz
Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясы үкіметке салықтық рақымшылық жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселе мұқият әрі жан-жақты талдауды қажет ететінін айтты. Бұл турлы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің айтуынша, 2001 жылдан 2014 жылға дейін елімізде капиталды заңдастырудың үш кезеңі өткізілген. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке жалпы 6,674 триллион теңге түскен. Атап айтқанда, бірінші кезеңде – 70 миллиард теңге, екінші кезеңде – 904 миллиард теңге, ал үшінші кезеңде – 5,7 триллион теңге түскен.
"Офшорлық аймақтар мен өзге де шетелдік юрисдикциялардан қайтарылатын капиталға рақымшылық жасау туралы ұсыныс – елдің қаржылық тұрақтылығын нығайтып, инвестициялық әлеуетін арттырудың ықтимал құралдарының бірі", – деді ол.
Сондай-ақ оның сөзінше, бұл мәселе кешенді және салмақты көзқарасты қажет етеді. Бектенов рақымшылық жасау кезінде жасалған қылмыстық әрекеттердің ауырлығын ескеру қажет екенін баса айтты. Әсіресе, егер қылмыс ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жасалса немесе террористік әрекет, есірткі қылмысы және басқа да ауыр қылмыстарға назар аудару керек деді.
Олжас Бектенов арбитраждық даулар қаупін, халықаралық келісімдердің сақталуын, активтер қайтарылуға тиіс елдердің заңнамасын, сондай-ақ ықтимал қаржылай шығындарды да ескеру қажет екенін ескертті.
"Осы айтылғандарды ескере отырып, офшорлық аймақтар мен шетелдік юрисдикциялардан қайтарылатын капиталға рақымшылық жариялау мәселесі мұқият әрі жан-жақты талдауды қажет етеді", – дейді Бектенов.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
