Қазақстанда салықтар мен салық жеңілдіктерінің саны қысқартылмақ
Мәжіліс отырысында вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елде салықтар мен алымдардың саны қысқартылатынын жеткізді. Сонымен қатар 128 салық жеңілдігі алып тасталмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Серік Жұманғариннің сөзінше, алдағы уақытта 12 салықтың орнына 11 салық болады.
“10 төлемнің 2-еуін алып тастау ұсынылады: жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер. 3 төлемді біріктіру ұсынылады: су ресурстарын пайдалану үшін, орманды пайдалану үшін және жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлемдер. Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем болады. Бұл төлемдердегі мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады. Алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылады. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталады”, – деді ол.
Сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі алынып тасталады. Олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқарады.
“Біз салық жеңілдіктерін оңтайландырамыз. Салық декларацияларының деректері бойынша сомасы 3,4 трлн теңге 453 норма жеңілдік деп танылды. Бүгінде сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылып отыр. Біз бұл мәселеде ашық жаңа жүйе құрып жатырмыз. Біз салықтық жеңілдік туралы түсінік береміз. Жеңілдіктерді беру, ұзарту, қысқарту шарттарын белгілейміз. Жыл сайын олардың тиімділігіне мониторинг жүргізіледі”, – деп қосты Жұманғарин.