Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда рұқсатсыз шырша сатқандарға 400 мың теңгеге дейін айыппұл салынады

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанның солтүстігінде шырша мен қарағайды заңсыз сатып, рұқсатсыз сауда жасаған азаматтарға айыппұл салынып жатыр. Құзырлы органдар қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу мен белгіленбеген жерде сатуға қатысты бақылауды күшейтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа жылдың шырайын келтіретін шыршаларға сұраныс артты. Соған сәйкес жасанды емес, табиғи қылқан жапырақты ағаштардың саудасы қызып тұр. 

Сатушы Дмитрий Штрибель елімізде шырша мен қарағайды кесуге тыйым салынғандықтан, бәрі көрші Ресейден жеткізілгенін айтады.

"Ресейдің Башқұртстан өңірінен, Челябі, Новосібір облыстарынан жеткізіп жатырмыз. Көбіне жас ағаштар. Бағасы 5 мыңнан 12 мың теңгеге дейін жетеді. Құны шыршының биіктігіне байланысты. Табиғи ағаштарға сұраныс өте жоғары", – деді сатушы Дмитрий Штрибель.

Шырша мен қарағай сатушылардың барлығы бірдей заң талаптарын сақтап отырған жоқ. Көшелер мен ашық алаңдарда рұқсатсыз сауда жасаған кәсіпкерлердің көбі заңсыз жұмыс істегені анықталды. Мәселен, жол жиегінде екі күн бойы қылқан жапырақты ағаштарды сатып тұрған азаматтардың ешқайсысында тиісті рұқсат құжаттары болмаған. Соның салдарынан ағаштардың Ресейден заңды түрде әкелінгені немесе жергілікті орманнан заңсыз кесілгені белгісіз күйінде қалды.

Тағы бір Денис Духов есімді сатушы да фитосанитарлық құжаты болмаған.

"Менің бір құжатым ғана дайындалып үлгермеді. Ол фитосанитарлық құжат. Мамандардан алып үлгерген жоқпын. Бір-екі сағаттың ішінде әзір болады. Барлығымен келісемін. Заңға бағынған дұрыс", – деді сатушы Денис Духов.

Бір күннің ішінде заң бұзған онға жуық адам анықталды. Бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Петропавл қаласы полиция басқармасының басшысы Марат Жұмәлиев Әкімшілік кодекстің 204 бабына сәйкес алдымен ескерту берілетінін айтты.

"Кейін айыппұл салынады. Оның көлемі 40 мың теңгені болады. Ал шыршаны кескен адамдарға жаза қатаң. Бір шыршаны кессеңіз, 80 мың теңге төлейсіз. Ал шығын көлемі 400 мың теңгеден асса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", – деді полиция.

Қылқан жапырақтыларды мереке аяқталғаннан кейін қоқысқа тастауға да тыйым салынады. Ол үшін 80 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Әкімшілік жазаны арқаламас үшін шырша мен қарағайды қоқыс полигонына немесе арнайы орындарға апарып тапсыру керек. Жергілікті билік өкілдері полициямен бірге оны да бақылауда ұстайтын болады.


“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?


Шымкентте биыл жаңа жылдық безендіруге 100 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінбек


Еске салайық, былтыр 21 желтоқсанда Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде мұғалім Қуат Айтқали биіктен құлап, ауыр жарақат алған еді. Оқиғадан кейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайға байланысты пікір білдіріп, ұстаздарды міндетіне кірмейтін қызметке жұмсауға болмайтынын ескертті. 8 қаңтар күні оқу-ағарту министрі мұғалімнің ауруханадан шығарылғанын мәлімдеді. 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 16 Желтоқсан, 2025 09:35