Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда Ораза айт бойынша айт намазының кестесі жарияланды

Фото: pixabay.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ораза айттың бірінші күніне, яғни 20 наурызға арналған айт намазының нақты уақытын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ал қасиетті Құрбан айт биыл 27-29 мамыр аралығында аталып өтеді.

Жарияланған мәліметке сәйкес, айт намазы әр аймақта күннің шығу уақытына байланысты әртүрлі уақытта оқылады. Мәселен, Алматы мен Абай облысы тұрғындары үшін айт намазы таңғы 07:00-де басталса, Астана, Шымкент және бірқатар өңірлерде 07:15-ке белгіленген.

Ал батыс өңірлерде намаз уақыты сәл кешірек: Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау облысы және Ақтөбе облысы тұрғындары айт намазын 08:30-да оқиды.

Фото: Мүфтият

Сондай-ақ кей өңірлерде аралық уақыттар белгіленген. Мысалы, Қостанай облысы, Қызылорда облысы және Ұлытау облысы үшін уақыт 07:30 деп көрсетілген.

Діни басқарма өкілдері айт намазына алдын ала дайындалып, мешіттерге ертерек келуді ұсынады. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау, бір-біріне құрмет көрсету мерекенің маңызды бөлігі екені ескертілді.



Еске салайық, бұған дейін 2026 жылғы ауыз бекіту мен ауыз ашар уақыттарының кестесін назарларыңызға ұсынған едік. Мұсылман жұрты үшін қасиетті Рамазан айы биыл 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Ал Ораза айт мерекесі 20 наурызға сәйкес келеді. Наурыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Наурыз, 2026 15:53