Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда несие алу кезінде жұбайының келісімін алу ережесі бекітілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидаларын бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: kredita.net

19 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту туралы заңға қол қойған еді. 

"Қаулымен жұбайының (зайыбының) келісімі қажет банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК (2024 жылы 3 692 000 теңге) мөлшерінде бекітілді", – делінген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе микроқаржы ұйымы (МҚҰ) клиенттің тіркелген некеде тұрғанын Әділет министрлігі жүйесі арқылы тексеруге тиіс.

Егер клиент некеде болса және ол алғысы келетін несие сомасы 1000 АЕК-тен асса, оның жұбайы келісім беруі керек. Келісім еркін жазбаша нысанда банктің бөлімшелерінде немесе МҚҰ филиалында қағаз жеткізгіште не электронды нысанда рәсімделеді.

Сонымен қатар клиенттің жұбайына (зайыбына) сол банкте қызмет көрсетілсе, онда келісімді банктің мобильді қосымшасы арқылы ресімдеуге болады. Егер жоқ болса, онда электронды үкіметтің веб-порталын пайдалана алады.

"Түзету ерлі-зайыптының біреуінің келісілмеген несие алуына жол бермеуге бағытталған, бұл болашақта отбасының жалпы бюджетіне кері әсерін тигізуі мүмкін", – деп түсіндірді агенттік.

Айта кетейік, егер банк клиенттен жұбайының (зайыбының) келісімін алуға міндетті болса, бірақ олай етпесе, ол несиені есептен шығаруы керек. Норма 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.



Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Азаматтар борышының өсуін болдырмау үшін мерзімі өткеніне 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынады. Алайда қарызды қайта қаржыландыруға бұл тыйым жүрмейді.

Әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады.

Талқылау