Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мобильді аударымдарды қалай бөледі? Қаржы министрлігі жауап берді

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде мобильді аударымдарды жеке және кәсіпкерлік аударымдарға бөлу туралы түсіндіріп берді. Ведомствода кәсіпкерлік қызмет үшін жеке шот пайдалану ұсынылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Заңнамалық деңгейде мобильді төлемдерге анықтама беру және кәсіпкерлік қызмет үшін жеке шот пайдалану ұсынылды. Жеке аударымдарды кәсіпкерлік қызметте пайдалануға жол бермеу үшін кәсіпкерлік қызметке арналмаған шоттарды пайдалана отырып табыс түсу белгілерін айқындайтын тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлеу ұсынылады", - деді комитетте.

Ведомствода тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелері заңбұзушылықтармен расталуы тиіс екенін атап өтті.

"Мысалы, сауда нысанында аударымдарды қабылдау туралы ақпараттың болуы және телефон нөмірін көрсету, сатушының аударымды алғаны және фискалдық чек бермегені туралы тұтынушылар тарапынан шағымдардың болуы, ұзақ уақыт бойы кассалық тәртіптің төмендеуі, мемлекеттік кірістер органдарының талаптары мен ұсынымдарын елемеу", - деді министрлікте.



Талдау қорытындылары бойынша тұлғалардың атына бұзушылықтарды өз бетінше жою үшін хабарлама жіберіледі. 

Алайда мобильді аудармалардың қашан бөлінетіні әзірге белгісіз. 

"Бүгінгі таңда мобильдік аударымдарға қатысты бастамалар мен ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдар банк секторы бірлесіп қарап жатыр. Ұсыныстар жария талқылау және қабылдау үшін, оның ішінде оларды енгізу мерзімдері интернет-ресурста жарияланады", - деп толықтырды ведомствода.

Айта кетейік, кейбір екінші деңгейдегі банктер кәсіпкерлік қызметте мобильдік төлемдерді қабылдауға мүмкіндік беретін сервистерді іске қосып үлгерді.

Бұған дейін қаржы министрлігі еліміздегі онлайн аударымдар екі түрге бөленетін хабарлаған еді.

Гүлдана Қазтай
Сейсенбі, 20 Сәуір, 2021 14:25
Талқылау