Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қазақстанда бірыңғай медициналық көмек беру пакеті енгізіледі

Фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәжілісте заң жобасын таныстыру кезінде Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, басты өзгерістердің бірі – бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу. Бұл мемлекет кепілдіктерін кеңейтуге, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте диагностикалау саласында, көмектеседі. Сонымен қатар жаңа пакет медициналық көмекті неғұрлым түсінікті әрі ашық етеді, қызметтердің қайталануын жояды және жүйе ішіндегі қаражаттың орынсыз ауысуын болдырмайды. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қаржылық тұрақтылығын арттырып, азаматтарды сақтандыру жүйесіне белсенді қатысуға ынталандырады.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарналарды есептеу базасының жоғарғы шегі 10 ең төменгі жалақыдан 50 ең төменгі жалақыға дейін өседі. Бұл шамамен 9% жалдамалы жұмыскерлерге немесе 508 мың адам мен олардың жұмыс берушілеріне әсер етеді.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік жарналардың үлесін кезең-кезеңмен арттыру жоспарланған. Заң жобасына сәйкес мемлекет жарналарының мөлшерлемесі 2027 жылдан 2037 жылға дейін әр екі жыл сайын 0,5%-ға, жалпы 3%-ға (2%-дан 5%-ға дейін) ұлғаяды. Бұл өзгерістер МӘМС жүйесі арқылы денсаулық сақтау шығындарын қосымша қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Жұмыссыздар мен қиын өмірлік жағдайдағы азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Сондай-ақ заң жобасы сақтандырылмаған халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуға бағытталған. Осы мақсатта "Д" және "Е" санаттарына жататын жұмыссыздар мен жұмыс істемейтін тұлғаларға (әлеуметтік қамсыздандырудың дағдарыс және төтенше деңгейлері) аударымдарды жергілікті бюджеттен төлеу ұсынылады. Бұған қоса заң жобасын әзірлеушілер МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдар төлейтін қызметкерлер табысының жоғарғы шегін 10-нан 50 ең төменгі жалақы мөлшеріне дейін ұлғайтуды ұсынып отыр.

Алайда еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін депутаттар табыстың жоғарғы шегін қызметкерлер үшін 20 ең төменгі жалақы, ал жұмыс берушілер үшін 40 ең төменгі жалақы көлемінде белгілеуді ұсынды.Сондай-ақ міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне республикалық бюджеттен түсетін мемлекеттік жарналарды кезең-кезеңімен ұлғайту көзделіп отыр.

Министрдің айтуынша, аталған шаралар арқылы 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 миллионнан астам қазақстандық қамтылады. 2025 жылдың қаңтарында министр МӘМС жарналарының мөлшерлемелерін мемлекет, жұмыс берушілер және жеке кәсіпкерлер үшін қайта қарау мүмкіндігі туралы да пікір білдірген еді.


Денсаулық сақтау министрлігі 50 дәріні МӘМС бойынша тегін берілетін дәрілер тізімінен шығарып тастады


Депутаттар емханалардағы жалған жазбалар үшін қылмыстық жаза енгізуді ұсынып отыр


Еске салайық, бұған дейін енді МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар да онкоскринингтен өте алатынын жаздық. Онкологиялық ауруларға скринингтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан жүргізіледі. Бұл зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберіне енгізілді. Жас ерекшелігі мен медициналық талаптарға сәйкес келетін барлық азаматтар скринингтен өте алады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 14:19
Талқылау