Қазақстанда барлық мемлекеттік мобильді қосымшалар біріктіріледі
Фото: Stan.kz
Қазақстандағы мемлекеттік органдардың мобильді қосымшалары енді тек eGov және Aitu платформаларында қолжетімді болады. Мұндай тапсырманы үкіметтің цифрлық штабы берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтің мәліметінше, мемлекеттік органдар мен олардың қарамағындағы ұйымдарға осы екі платформадан бөлек жеке мобильді қосымшалар әзірлеуге тыйым салынды.
"Қолайлы әрі қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттік мобильді сервистер кезең-кезеңімен eGov және Aitu экожүйелеріне SuperApp қағидаты бойынша біріктіріледі. Бұл интеграция қосымшалардың бытыраңқылығын жояды, процестерді жеделдетеді және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырады", – делінген хабарламада.
10 қарашаға дейін салалық ведомстволар мен әкімдіктер ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізімін кеңейтуі тиіс. Цифрлық штабтың түсіндіруінше, бұл қадам Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркін әлемдік технологиялық қауымдастықтың тартылу орталығына айналдыруға бағытталған.
Мемлекеттік органдарға бұл тізімге мультимедиа, дизайн мен ойын шығару ісі, бағдарламалық қамтуды енгізу, сүйемелдеу және түрлендіру, киберспорт саласындағы қызметтер, резидент емес тұлғаларға бағдарламалық қамтуды пайдалана отырып бизнес-процестерді аутсорсинг арқылы көрсету, сондай-ақ ағылшын тіліне оқыту бағыттарын қосу тапсырылды.
"Alem.cloud Ұлттық суперкомпьютерлік орталығының есептеу ресурстарын бөлу қағидаларын бекітіп, тиісті нормативтік-құқықтық акт әзірлеу болып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігіне қолданыстағы тетіктер аясында жоғары оқу орындарын қолдауды қамтамасыз етеді", – делінген цифрлық штабтың тапсырмасында.
Үкіметтің дерегінше, бизнес үшін, соның ішінде Astana Hub стартаптары, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары, мемлекеттік органдар мен олардың еншілес ұйымдары үшін суперкомпьютер ресурстарына қолжетімділіктің айқын және ашық механизмі қажет.
Alem.cloud есептеу қуатын бөлу кезінде жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ұлттық міндеттер ескеріледі. Басым бағыттарға білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, сумен қамту, мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен металлургия кешені, энергетика, геологиялық барлау, көлік пен логистика, өнеркәсіп, құрылыс және робототехника кіреді.
Депутат Бақытжан Базарбек қазақстандық Aitu мессенджерін қолданудан бас тартты
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі IT саласына көңілі толмайтынын айтып, жеке деректермен байланысты ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіруді тапсырды. Кейін мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін Aitu сервисіне қосылуға міндеттелді.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
