Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мектептер алты күндік оқу аптасына көшу туралы шешімді өз бетінше қабылдай алады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда мектептердің басшылығы енді алты күндік оқу аптасына көшу туралы шешімді өз бетінше қабылдай алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова мәлімдеді. 

Қазақстан мектептерінде оқу аптасы бес күндік те, алты күндік те болуына рұқсат етілген. Әрбір білім беру ұйымы нақты оқу режимін өз бетінше белгілейді. Мәселен, мектеп басшылығы оқу жүктемесі артқан жағдайда алты күндік оқу аптасына көшу туралы шешім қабылдай алады.

“Барлығы оқушылар саны мен мектептің мәртебесіне байланысты. Егер бұл гимназия немесе лицей болса, онда оқу сағаттарының саны сәйкесінше көп болады. Шешімді әрбір білім беру ұйымының басшысы қабылдайды. Алайда оқу-ағарту министрлігі ресми түрде алты күндік оқу аптасына көшу туралы хабарлаған жоқ”, – деді министрлік өкілі. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда Наурыз мерекесіне орай дастархан жаюға тыйым салынғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 19 Наурыз, 2026 22:21