Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мектеп әдебиетін қайта қарау салдарынан келген шығын 16 миллиард теңгеден асқан

Жоғары аудиторлық палата кейінгі 5 жылда мектеп оқулықтарын қайта қарау салдарынан Қазақстан экономикасы 16 миллиард теңгеден астам шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: mel.fm

Аудиторлық палатаның дерегіне сенсек, білім беру стандарттарындағы жүйесіз және тиімсіз реформалар жиі өзгерістерге әкелген. Осылайша жаңа шығарылған кітаптарды қайта басып шығару қажеттігі туындаған. Мұның салдарынан бюджеттен миллиардтаған теңге жұмсалған.

Сонымен қатар оқулықтардың сапасын бағалау жүйесінде де өзгерістер қажет екені атап өтілді. Кейінгі бес жылда мектеп оқулықтарын бағалау критерийлері 12 рет өзгерген. Бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқ екенін көрсетеді дейді аудиторлық палата.

“Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған. Рәсімдер қағаз жүзінде жүргізіледі”, – деді аудиторлық палата.

Бұған қарамастан Жоғары аудиторлық палата орта білімге бөлінетін қаржыландыру көлемінің үш есе артқанын атап өтті.

Бұдан бөлек жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов оқу-ағарту министрлігі бірінші кезекте қабылданатын құжаттар реформалардың дәйектілігін қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты.

“Кейінгі жылдары орта білім беруді қаржыландыру 3 есе өскен. Мұндай жағдайда мемлекет қабылданып жатқан шаралардан үлкен нәтиже күтетіні анық", — деді Әлихан Смайылов.



Еске салайық, бұған дейін жоғары аудиторлық палата Қарағанды облысының мемлекеттік борышы бес жылда 2,2 есе, қызмет көрсету шығыны 1,5 есе өскенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Жергілікті атқарушы органдардың қарызы әсіресе 2020 жылы пандемия кезінде өскен. Кейін әкімдік мемлекеттік бағалы қағаздардың ауқымды көлемін шығара отырып, қарыз лимитін 3,8 миллиард теңгеге асырған. Төлемдер жүктемесінің көбі 2031 жылға келеді. Деректерге сай, Қарағанды облысына 20 шарт бойынша 21,7 миллиард теңгеге несиені өтеуге тура келеді. Жалпы мемлекеттік қарыз бойынша облыстың барлық төлемінің 60%-ы 2030-2043 жылдарға тиесілі. Дегенмен Жоғарғы аудиторлық палата мемлекеттік қарыз сомасын атамайды. 

Талқылау