Астанада өткен марш кезінде жасөспірімдер ЛГБТ туын ұстап шықты: Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салынған ба
8 сәуірде Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әйелдер маршы өтті. Қатысушылардың негізгі талабы зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту болды. Алайда марш барысында ЛГБТ туын ұстаған жасөспірімдердің видеосы желіде қызу талқыға түсті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Желіде тараған видеодан ЛГБТ қауымдастығының өкілдері кемпірқосақ түстес туды ұстап тұрғанын көруге болады. Кейін видео авторы оларға жақындағанда, қыздар өздерін видеоға түсіргені үшін "Масқара" деп айқайлай бастайды.
"Мынау не сұмдық! ЛГБТ ұйымын кішкентай қыздарымызға насихаттатып қойыпты. Жетіскен екенбіз!" – делінген видео астындағы жазбада.
Бұдан кейін әңгімеге белсенді Жанар Секербаева қосылып, мұны "ЛГБТ насихаты емес" деп атады.
Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салынған ба?
Заңгер Альбина Бақтиярқызы желіде талқыға түскен видеоға пікір білдіріп, бірнеше сұраққа жауап берді. Заңгердің пайымдауынша, Қазақстанда азаматтарды жынысына байланысты кемсітетін заң жоқ.
"Қазақстан Республикасының Конституциясындағы 14-бапта ешкімді жынысына, тіліне, дініне, басқа да белгілеріне қарай кемсітуге болмайды деп жазылған. Дегенмен Қазақстан – 2011 жылы БҰҰ қабылдамақ болған "Жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік туралы" декларациясына қарсы болған жалғыз мемлекет. Оның да өзіндік себептері бар. Мәселен, мұндай мәселені күн тәртібіне шығарып, конвенция деңгейінде қарау қоғамда түрлі қарама-қайшылықтарды тудыруы әбден мүмкін. Өйткені ЛГБТ өкілдерін қоғамнан бөліп қарайды. Екіншіден, конвенциядағы кемсітушілік туралы нормалар бізде Конституцияда қаралған", – дейді Альбина Бақтиярқызы.
Өз сөзінде Альбина Бақтиярқызы ЛГБТ-ны насихаттауға қатысты ешқандай заң нормаларының жоқ екенін айтады. Сәйкесінше елде мұндай насихатқа тыйым салынбайды деген сөз.
Мультфильмдегі біржынысты кейіпкерлер бала психикасына қалай әсер етеді? Психологтар түсіндірді
"Мәселен, ЛГБТ қауымдастығынан шыққан бір адам зорлық көрсе немесе кісі қолынан көз жұмса, мұндай істер жалпы деңгейде қарастырылады. Демек Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне қатысты заңдық тұрғыдан ешқандай шектеу жоқ. Ал насихат бізде қалай көрініс табады? Біріншісі – митинг. Әрине, митинг өткізу үшін рұқсат алу керек. Заңда шектеу болмағанымен, шетте тұрып алып туды желбірету дұрыс емес. Заңда шектеу болмаса да, ар-ождан этикасына қайшы", – деді ол.
Заңгердің сөзінше, көпшілік алдында ЛГБТ насихатын жүргізу қазақы менталитетке жат және жастарға да кері әсерін тигізеді.
"Бір жағынан, қазіргі жастарды интернет тәрбиелейді ғой, соның да әсері бар, екінші жағынан мына хайп деген ұғым да ықпал етеді. Хайп қуып, оқырман жинап, жеңіл ақша табамын деп, жынысын өзгертіп жатқандар да бар. Осылайша біздің қоғамға жат көзқарасты таратуының өзі біз үшін қауіпті. Бірінші кезекте жастарға. Өйткені насихатқа еріп, өзінің жынысын өзгерткісі келетіндер саны артуы мүмкін. Қазақстанда халық саны аз, егер жынысын өзгертетіндер көбейсе, біз мүлдем азайып кетеміз", – деп сөзін аяқтады ол.
"Жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы шығушылар" атын жамылып азғындаушы біржыныстық қатынастарды насихаттайды"
Астанадағы әйелдер маршынан бір күн бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ЛГБТ насихатына қатысты ресми мәлімдеме жасады.
ҚМДБ өкілдері елімізде отбасы институтының дамуына қатер төндіретін арсыздық пен азғындықты насихаттаушы жеке адамдар мен топтар пайда болғанын мәлімдеді.
"Атап айтқанда, "әйелдер құқығын қорғаушылар" және "жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы шығушылар" атын жамылып, ал іс жүзінде адамгершілік ойға сыймайтын арсыз, азғындаушы біржыныстық қатынастарды насихаттайтын "ЛГБТ+" жақтаушылары соңғы кездері әлеуметтік желілерде ашық насихат жүргізіп, біржынысты қатынасты біздің қоғамға таратуға әрекет жасауда. Осыған орай, біздің ұлттық рухани құндылықтарымызға жат "ЛГБТ+" сияқты арсыздық пен азғындықты ұстанушылардың үндеулері мен іс-қимылдарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қарсылығын білдіреді және қоғамды мұндай арсыздықтан сақтануға шақырады!" – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстанда ЛГБТ насихатына байланысты дау әлі шешімін таппай келеді. Мәселен, көпшіліктің қарсылығынан кейін бір жынысты кейіпкерлері бар "Базз Лайтер" мультфильмі елде көрсетілмеген еді.
"Біз, министрлік ретінде заңға қайшы келмесе, мұндай сюжетке этикалық баға бере алмаймыз. Бірақ қоғамдық пікірді елемей қоя алмаймыз. Үшіншіден, жоғарыда аталғандарды сараптай келе министрлік кинокартинаның Қазақстандағы ресми прокатшысымен бірнеше кеңес өткізді. Белгілі бір кеңестер берілді. Оның көрсетіліміне тыйым салынған жоқ. Бірақ фильм прокаты - ол бизнес. Ал бизнес қашан да қауіптілікті ескереді. Жоғарыда аталған барлық фактілерді ескере келе фильмді прокатқа жібермеу туралы шешім қабылданды", - деп жазды сол кезде экс-мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Ал 2016 жылы Нью-Йорктегі гей-парадта Қазақстан туын алып шыққан Қостанай тумасы желіде қызу талқыға түсіп, көптің сынына ұшыраған. 2020 жылы аралас жекпе-жек файтері Қуат Хамитов ЛГБТ өкілдерін "иттен де жаман" деп атады. Спортшыны желіде бірі сынға алса, енді қолдау көрсеткен.