Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда коучтар халықаралық сертификат алуға міндеттеледі

Фото: rsv.ru

Премьер-министр Олжас Бектенов сенатордың депутаттық сұранысына берген жауабында Қазақстанда коучинг қызметі үшін бірыңғай кәсіби стандарт енгізіліп, коучтер сертификаттан өтіп, арнайы реестрге енгізілуі міндеттелетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кәсіби стандарт бекітілгеннен кейін Қазақстан азаматтары коуч болып жұмыс істеуді жоспарлаған жағдайда Халықаралық коучинг федерациясының (International Coaching Federation, ICF) сертификатын алуға міндетті болады.

"Халықаралық коучинг федерациясымен (ICF Kazakhstan, Қазақстанда коммерциялық емес ұйым ретінде тіркелген) бірлесіп "Коучинг қызметі" кәсіби стандарты әзірленді. Қазір стандарт ғылым және жоғары білім министрлігінде бекіту сатысында тұр", - делінген Бектеновтің жауабында.

Үкімет басшысының айтуынша, бекітілген кәсіби стандарт коучинг қызметінің тоғыз бағыттарын қамтиды. Оларға бизнес-коуч, мансаптық коуч, лайф-коуч, командалық коуч, көшбасшылық коуч, денсаулық және wellness коуч, кәсіпкерлерге арналған коуч, білім беру коучі, сондай-ақ спорттық дайындық коучі жатады.

"Осы стандарт негізінде сертификатталған коучтердің тізілімі National Qualifications System (career.enbek.kz) цифрлық платформасында жасалады. Халықаралық коучинг федерациясы ICF мамандарды оқыту, сертификат беру және реестрге енгізуді жүзеге асырады, бұл кәсіби біліктілікті растайтын бірыңғай механизм құрады", – деді премьер-министр.

Жауапта коучтердің көрсеткен қызметтері үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер де енгізілетіні айтылған.

Айтылғандай, Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына түзетулер әзірленген. Бұл түзетулер Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті және коучтердің кәсіби біліктілігін растайтын сертификатының болуы мен оны тұтынушыға ұсыну міндеттілігін қарастырады.

Сонымен қатар заң тұтынушыларға қызмет туралы жалған немесе адастыратын ақпарат беру, сондай-ақ жалған жарнаманы таратуға тыйым салады.

"Тұтынушылардың құқықтарының кең көлемде бұзылуы немесе елеулі зиян келтіру жағдайында бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша бағаланады", – делінген премьер-министрдің жауабында.


Енді кәсіби коучтар мен "инфосығандарды" ажырату әлдеқайда оңай болмақ


Елімізде коучтардың қазақстандықтарға бірден табысқа кенелетінін айтып, уәде беруіне тыйым салынбақ


Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда онлайн оқыту мен білім беру контентін реттейтін заң жобасы дайындалып жатқанын жазған едік. Авторлар кәсіби білімі туралы ақпарат көрсетуі, оккульттік материалдар ескерту белгілерімен жариялануы, ал 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимдер өз деректерін органға ұсынуы міндетті.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 15 Желтоқсан, 2025 12:18