Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қосылған құн салығының шегін төмендетуге қарсы петиция жарияланды

Қазақстанда e-Petition.kz порталында қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуге қарсы петиция жарияланды. Мұндай ұсынысты 28 қаңтарда Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Рexels.com

Петиция авторлары Әнуарбек Сқақов пен Жангелді Сүлейманов мұның шағын және орта бизнеске кері әсер ететінін айтты. Олардың сөзінше, қазіргі шек – 20 000 АЕК. 2025 жылы бұл көрсеткіш 78 640 000 теңге болады. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнес өкілдері қиын жағдайға тап болатынын және кәсіпкерлер артық салық төлемес үшін бұл шектен аспауға тырысатынын айтады. 

“Қосылған құн салығы бойынша тіркеу кәсіпкерлерді тауарларының, жұмыстарының, қызметтерінің бағасына 20%-ға дейін көтергелі отырған қосылған құн салығының сомасын қосуға міндеттейді. Сондықтан олардың ең төменгі бағасы 20% өседі. Бірақ іс жүзінде баға айтарлықтай көтеріледі. Көптеген шағын және орта бизнес иелерінің қосылған құн салығын есепке алуға құқығы жоқ. Өйткені олар тауар, жұмыс, қызметтерді өздері жасайды не олардың жеткізушілері қосылған құн салығын төлейтіндердің қатарынан емес. Мысалы, базардағы кәсіпкерлер өз тауарларының (жұмыс, қызмет) бағасына қосылған қосылған құн салығының сомасын түгелдей дерлік бюджетке төлеуге мәжбүр болады”, – дейді петиция авторлары.

Сондай-ақ олар қосылған құн салығын әлемдегі есептелуі ең қиын салық деп санайды. Осыған қатысты елдегі сот жүйесі мен Жоғарғы есеп соты салық органдары қосылған құн салығына қатысты белгізсіздіктер мен құқық бұзушылықтар көп екенін айтқан. Сол себепті петиция авторлары шағын және орта бизнес субъектілері қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемелерін өз бетінше орындай алмайтынына және қызметтерінің қымбат болуына байланысты білікті мамандардың қызметіне жүгіне алмайтынына сенімді. 

“Қосылған құн салығы тоқсан сайын есеп беруді, салық регистрлерін жүргізуді және толық есепке алуды, электронды шот-фактуралары мен олардың есебін жүргізуді, сондай-ақ алынған электронды шот-фактураларын тексеруді талап етеді. Қазір шағын және орта бизнес субъектілері мұның барлығын жасауға міндетті емес. Сондықтан кәсіпкерлер есепшілердің қызметіне жүгінуге болады. Ал бұл ай сайынғы қосымша шығын болмақ”, – деп жазды петиция авторлары.



Олардың айтуынша, салық органдарынан түсетін шағымдардың көбі қосылған құн салығын төлеуге қатысты. Кәсіпкерлерге салықтық тексерулерге қатысты көптеген камералық бақылау хабарламалары немесе бұйрықтар түседі. Шағын және орта бизнес субъектілерінің мұндай дауларда жеңіске жетуге мүмкіндігі жоқ дейді Әнуарбек Сқақов. Ал бұл – қосымша салықтарды төлеуге тура келеді деген сөз.

Сондай-ақ кез келген бұзушылықтар анықталған жағдайда шағын және орта бизнес өкілдерінің шоттары мен электронды шот-фактуралары бұғатталып, қосылған құн салығы бойынша тіркеуден шығару түріндегі "қатаң шаралар" қолданылады. Петиция авторларының айтуынша, бұл компаниялардың банкротқа ұшырауына немесе жойылуына әкеліп соғады.

"Біз шағын және орта бизнес үшін сегіз салдарды атадық. Іс жүзінде олардың саны одан да көп болады. Шекті меженің төмендеуі шағын және орта бизнесті азайтып немесе олардың жұмысын қиындатады. Сізден қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету идеясынан бас тартуыңызды сұраймыз", – деп жазды петиция авторлары. 

Айта кетсек, Қазақстанда қосылған құн салығы 12%-дан 20%-ға дейін көтерілуі мүмкін. 23 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов жиын өткізіп, экономистер және кәсіпкерлермен бірге жаңа Салық кодексін талқылады. Сол кезде ҚҚС салығын 12%-дан 20%-ға дейін көтеру және қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін жылына 79 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету, әлеуметтік аударымды азайту ұсынылды. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру туралы ұсынысын қолдады. 

Талқылау