"Қазақстанда көбінесе орысша сөйлейді, оған біз үйрене алмаймыз": Түркияда тұратын қандасымыз тарихи отанға оралу туралы
Түркия қазағы Бешір Көсе ата-жұртынан жырақта өсіп, өмір сүрсе де, салт-дәстүрімізді еш ұмытпаған. Керісінше, сол жақтағы өскелең ұрпаққа дәріптеп келеді. Дегенмен Түркиядағы отандасымыз өз еліне келуге құлшынысы жоқ. Айтуынша, бір кездері жоспары болған. Бірақ сол жақтан «елім-жұртым» деп Қазақстанға қоныс аударған бірінеше отбасы Түркияға қайта көшіп барған. Өйткені Қазақстанның өмір сүру салты Түркиядағыдай болмады дейді Бешір Көсе Stan.kz ақпарат агенттігінің журналисіне.
«Біздің өмір сүру салтымыз сіздердікімен салыстырғанда басқаша»: Түркия қазағы Қазақстанға неге қоныс аударғысы келмейді?
– Түркияда туып өстіңіз. Қазақ салт-дәстүрін қаншалықты ұстанасыздар?
– Стамбул қаласының орталығында тұрамыз. Басқа елде туып-өскенімізбен, өз ата-жұртымыздың салт-дәстүрін ұстанамыз. Тойымыз, барлық қуаныш-қайғымыз да ата-салтымызбен өтеді. Жаздың екі айы мұндағы қазақтар той тойлаумен болады. Біздегі үйлену тойдың Қазақстандағы тойлардан еш айырмашылығы жоқ. Құдаларды күту, қызды шығарып салу - барлығы бар.Тойдың жыртысына бізде әйелдер түстен кейін, ер адамдар таңертеңгі уақытта келеді. Әдеттегідей шашу шашылып, беташар да болады. Бірақ бізде мейрамханада болатын тойда дастарханға көп нәрсе қойылмайды. Тек ішетін сусын, жеңіл тағам түрі ғана болады. Біздегі тойлардың шығыны келген қонақтардың әкелген сыйлықтарымен-ақ жабылып кетеді. Өйткені әрқайсысы келін мен жігітке алтын, шамасы жеткенше ақшалай береді. Бұрын әйел босанғаннан кейін шілдехана жасап жататын едік. Ол кезде жер үйде тұратын көбісі. Қазіргі үйлер көпқабатты болған соң да шілдехана тойы ұмытылып барады. Ал баланы бесікке салу тойын мұнда жақсы тойлайды.
– Естігенім бар еді, сіздерде, яғни Түркия қазақтары жаңа түскен келінге сүт ішкізеді екен. Бірақ мұндай салт Қазақстанда жоқ, білуімше. Түріктерден келген ырым емес пе екен?
– Түрік ағайындарда мұндай салт-дәстүр жоқ. Бұл ырым Алтай жақтан келген. Қазақстандықтар сол себептен де білмейтін болуы керек. Негізінде жаңа түскен келінге сүт ішкізу қазақтың салт-дәстүрінде бар. «Ақ жол болсын», «Шаңырағы ақ болсын», «Ақ мол болсын» деген ырыммен келін мен күйеу балаға үйге кірерде сүт береді. Осы ырымды біз әлі де қолданып келеміз. Әкелеріміз біздерге осылай үйретіп кеткен.
– Қазақша ән үйренуіңізге Дос-Мұқасан тобы себеп болған екен. Өз ата жұртыңызға деген махаббатыңыз шексіз. Алайда Қытайдан қандас бауырларымыз көшіп келіп жатыр “елім жерім” деп. Сіздің жоспарыңызда бар ма болашақта жұртқа көшу?
– 1970 жылы «Дос-Мұқасан» тобы Түркияның Измир қаласында концерт қойды. Сол кезде алғаш рет қазақ әндерімен таныстым. Кассеталарын сұрап алып, әндерін жаттадым. Сөйтіп домбыраға салып, ары қарай қазақ әндерін осы жақта дамыта түстім. Ата-жұртымызды сағынамыз, жақсы көреміз. Бала кезден өз туған жеріміз Қазақстанды сағынып өстік. Еліміз егемендік алған жылы біздің де төбеміз көкке жетіп, үлкен той жасағанбыз. Қазақстанға қыдырып барып тұрамын. Бір кездері біраз қазақтарымыз Қазақстанға үкімет арқылы қоныс аударған болатын. Бірақ 70 отбасы ол жақта өмір сүре алмай, қайтып көшіп келді. Біздің өмір сүру салтымыз сіздердікімен салыстырғанда басқаша. Қазақстанда көбінесе орысша сөйлейді, оған біз үйрене алмаймыз. Сондықтан ата-жұртқа көшіп бару жоспарымда жоқ. Шет елде де қазақтың салт-дәстүрін, әнін танытатын бір қазақтың болғаны дұрыс ғой. Басқа елге өз мәдениетімізді таныстырып жүрміз. Жалпы өзге мемлекетте жүргендер елдің қадірін жақсы білеміз, біз әлдеқайда ұлтшыл болып келеміз.
– Сізше Қазақстанда өмір сүру қолайлы ма, әлде Түркияда ма?
– Мұндағы қазақтар үшін Түркияда өмір сүрген қолайлы дер едім. Ал Қазақстанда тұру бізге қиын. Бірақ біз өз ата-жұртымыздың салт-дәстүрін, тілін ұмытпаймыз. Көшеде, базарда, жұмыста түрікше сөйлескенімізбен, үйге келгенде нағыз қазақтың өмір салтын ұстанамыз. 40 жыл түрік ағайындармен араласып келсек те, олармен еш уақытта туыс болып кетпедік. Тіпті, салт-дәстүрін ұстанған емеспіз.
– Соңғы уақытта біздің елден Түркияға қоныс аударушылар саны өсіп келеді екен. Бұл дегеніміз ол жақта Қазақстанмен салыстырғанда өмір сүру жайлы болғандықтан болуы мүмкін бе?
– Дұрыс айтасыз, бұл жаққа көшіп келушілер саны өсуде. Алайда Түркияда өмір сүру оңай емес. Қазақстанда жайлы деп айтар едім. Әр адам өз елінде болуы керек. Әрине, Түркияның Стамбулдан басқа сұлу қалалары баршылық, табиғаты жақсы. Теңіз бар. Көпшілікке осы жағынан ұнайтын шығар. Ал жұмыс іздеу, орналасу тұрғысынан қиын. Сондықтан қоныс аударғысы келетіндерге: бұл жақта даяр тұрған ешнәрсе жоқ, өмір сүру өте қиын, қымбатшылық бар деп айтамын.
– Түркияға жұмыс істегісі келетін жастар да көп. Сол жақтың азаматы ретінде айтсаңыз, шетелдіктерге жұмыс тез табыла ма?
– Қолынан іс келетіндер үшін, өнеркәсібі барларға жұмыс табылып қалатын шығар. Бірақ қарапайым адамдар үшін қиын дер едім. Өйткені Түркияда жалақы аз, толыққанды өмір сүруге жеткіліксіз. Қара жұмыс істеу үшін келетіндер бар. Бірақ кез келген жерде түріктер шетелдікке емес, өз азаматтарына жоғары жалақы береді. Мысалы, оған 3000 лира жалақы берсе, шетел азаматы соның жартысы – 1500 лира ғана алады.
– Ол жердегі қандастармен етене араласасыз ба? Қайткенмен де ұрпақ алмасқан сайын жырақты ана тілін, салтын сақтап қалуы қиын, қазақ жастары қазақ тілін біле ме?
– Әрине, бұл жақтағы қандастармен етене араласып тұрамыз. Дұрыс айтасыз, ана тілімізді сақтап қалу қиын болып тұр. Шынын айтсақ, жастарымыз қазақ тілін білмейді. Түсінгенімен, сөйлесе алмайды. Бұған себеп: қазақ мектебі жоқ. Ортасы түрікше болған соң да бала сол тілге сіңіп кетеді емес пе? Дегенмен отбасында тек қазақ тілінде сөйлейтіндері де бар. Олардың балалары өз ана тілін ұмытпаған. Бірақ ішің ашитыны жастардың басым көпшілігі түрік тілінде ғана сөйлейді.
– Түркияда балаларға домбыра үйретеді екенсіздер. Жалпы домбыраға қызығушылар, үйренушілер көп пе?
– Иә, Түркиядағы балаларға домбыра сабағынан бердік, үйреттік. Бірақ екі жылдан бері үйірме жабылып қалды. Үкімет жақтан қолдау болмады. Алғаш үйірмеге 30-40 бала келді, домбыра шертуді үйренді. Домбыра сабағынан Қазақстандағы Ахмет Яссауи атындағы консерваториясын бітіріп келген Седат Солақоғлы деген ініміз берді. Балаларға домбыраны нотамен үйретті. Жалпы домбыраға жастар қызығушылық танытқанымен, үйренеміз деп құлшынған көпшілік жоқ.
– Түркиядағы қазақтар үлкен зәулім үй салып, астыңғы қабатта үлкендері, үстіңгі қабатта бірінші үйленген баласы тұрады, сөйтіп кете береді деп естуім бар? Осы туралы айтып беріңізші...
– Иә, бұл жақта солай тұрамыз. Мұндағы қазақтар осы дәстүрді бұрыннан ұстанып келеді. Бірақ барлық қазақ дәу үйде тұрады деп айта алмаймын. Шамасы жеткені солай. Менің де әке-шешем бірінші қабатта отыратын. Қазір ол кісілер өмірде жоқ. Мен үйдің үлкен ұлымын. Үйленген соң екінші қабатында тұрдым. Әлі де солай.
– Жалпы баласы үйленгесін біздегідей сияқты еншісін бөліп бөлек шығара ма, әлде бірге тұра ма? Келін сәлем сала ма? Күйеулері әйелдеріне жұмыс істеуіне рұқсат бере ме?
– Әркімде әрқалай. Кейде балаларын бөлек шығарып жатады. Немесе жаңағыдай бәрі үлкен үйде тұрады. Ал келіннің сәлем салу салты бізде жойылып бара жатыр. Десек те қыз барған жердегі қайын жұртына құрметпен қарап, сол үйдің шаруасын өз мойнына алады. Бұл жақта көбіне күйеулері әйелдерін жұмысқа шығармайды. Оқу бітірмеген қыздар үй шаруасы мен бала тәрбиесінде қалады. Ал жоғары оқу орнын бітірген арулар тұрмысқа шыққаннан кейін де жұмысын істей алады.
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН