Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда Қытай көліктері мен қосалқы бөлшектерін шығаратын тағы бір зауыт ашылады

Фото: freepik.com

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков биыл автокөлік құрастыратын екі зауыт іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік өкілі соның бірінде Қытайдың Haval, Changan және Chery брендтерінің көліктері шығарылатынын, зауыт жақын арада іске қосылатынын атап өтті.

"Зауыттың өндірістік қуаты 100 мыңнан астам автокөлік деп есептеліп отыр. Дәл сол жерде Қытай брендтерінің көліктері, олардың қосалқы бөлшектері шығарылады. Әрбір өндіруші өз міндеттемелерін алған", – дейді Сапарбеков.

Өнеркәсіп вице-министрінің сөзінше, технологиялық операциялар мен қосалқы бөлшектерді локализациялау қарастырылған. Сондай-ақ пластик бөлшектерді, орындықтар мен мультимедиялық жүйелерді өндіру жоспарланған.

"Өткен жылы компоненттік базаның кейбір элементтері бойынша өндіріс іске қосылды. Мұның барлығы Қазақстандағы автоөнеркәсіпті дамыту саясатына бағытталған", – дейді ол.

Ал "Қазақстанда құрастырылған көліктер сапасы мен бағасы бойынша Қытай көліктеріне бәсекелес бола ала ма?" деген сұраққа вице-министр өндірістің құны мен сапасы техникалық регламентте көзделген талаптарға байланысты екенін айтып жауап берді.

"Бұл жерде техникалық регламент мәселесі туындайды. Әр елдің техникалық регламент бойынша өз талабы бар. Мысалы, пайдалануға беруге, өндіріске, қандай да бір компненттік базаны қолдануға қойылатын талаптар. Халық бір кездері техникалық талаптарға сай келмейтін көліктерді алып келді. Қытай мен Қазақстанның техникалық регламенттерін салыстырсақ, айырмашылықтар бар. Бізде болатқа, металға, қозғалтқышқа және қауіпсіздікке қатысты талаптар қойылады. Ал Қытайда бұл жағы өзгешелеу. Осының барлығы көп нәрсеге, соның ішінде өндірістің өзіндік құнына әсер етеді. Сондықтан Қытайдан біздің техникалық регламентке сай келмейтін көліктерді әкеліп салыстыра бастайды. Сұрақ содан туындайды", – деді Сапарбеков.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 03 Маусым, 2025 13:54
Талқылау