Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда келесі жылы Ұлттық әуе жүк компаниясы ашылмақ

әуе хабтарын дамыту мәселесі көтерілдіФото: freepik.com

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында Қазақстанды әуе хабы ретінде дамыту мәселелері талқыланды. Оған әуежайлар инфрақұрылымын жаңғырту мен әуе көлігі саласын жетілдіру жұмыстары да кірмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет мәліметінше, ұлттық жүк әуекомпаниясын құру мәселесіне ерекше назар аударылған. Бұл бастама дүниежүзілік жүк тасымалы нарығының тұрақты өсуімен байланысты.

Қазір әлемде жыл сайын 57,7 миллион тонна жүк әуе арқылы тасымалданады. Оның шамамен 15 пайызы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы өтеді.

"Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, халықаралық тәжірибе негізінде жоба алғашқы кезеңде үш ұшақты жалға алудан басталады. Кейін әуепаркті 10 әуе кемесіне дейін ұлғайту жоспарланған.



Ұлттық жүк әуекомпаниясының алғашқы рейсі 2026 жылдың басында іске қосылады. Табыс деңгейін қамтамасыз ету үшін отынмен үздіксіз қамтамасыз ету шаралары да көзделіп отыр.

Олжас Бектенов тиісті мемлекеттік органдарға дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның аймақтағы жетекші авиациялық хаб ретіндегі рөлін күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты әуежай инфрақұрылымын дамыту және ішкі тасымалдарды кеңейту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жүк әуекомпаниясын құру жобасы маңызды стратегиялық бастамалардың бірі. Бұл транзиттік ағындарды Қазақстанға бұруға және жүк тасымалы нарығындағы позициямызды нығайтуға мүмкіндік береді", – деді премьер-министр.

Айта кетейік, бұған дейін Вьетнамға демалуға келген қазақстандық чемодансыз қалып, әуекомпаниясын сотқа бергені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 16:09
Талқылау