Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кәсіпорын басшылығы мен қарапайым қызметкерлер жалақысының айырмасын азайту ұсынылды

жалақыФото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Асхат Аймагамбетов Еңбек және Әлеуметтік кодекстерге енгізілетін түзетулерде жұмысшылар мен кәсіпорын басшыларының еңбекақысы арасындағы шекті қатынасты белгілейтін нормалар енгізілуі мүмкін екенін айтты.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл мәселені депутат Павел Казанцев көтеріп, кәсіпорын жетекшілері мен қарапайым қызметкерлердің жалақысы арасындағы айырмашылықты үлкен мәселе деп атады.

 "Кейде айырмашылық он есе немесе одан да көп болады. Бұл адамдар үшін өте сезімтал тақырып", - деді депутат.

Заң жобасына сәйкес, кәсіпорындарда еңбек шартына жаңа міндетті талаптар енгізіліп, әр мамандық пен лауазым бойынша ең төменгі және ең жоғары жалақы арасындағы шекті қатынасты белгілеу көзделеді.

Бірінші вице-министр Аскарбек Ертаев бұл түзетудің бір мамандық және бір лауазымдағы еңбекақы диспропорциясын жоюға бағытталғанын атап өтті. 

"Бұл түзету сәйкес мамандық пен лауазым бойынша ең төменгі және ең жоғары жалақы арасындағы қатынасты белгілей алады. Яғни, егер мамандық бірдей болса, онда диспропорция болмауы керек, жалақы тиісті деңгейде болуы қажет. Түзету жалпы алғанда жалақыдағы теңсіздікті жоюды көздейді. Ең төменгі және ең жоғары жалақы мөлшері кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігіне байланысты белгіленеді және жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі арқылы анықталады", - деді ол.

Ертаев халықаралық тәжірибеге сүйеніп, бір мамандық пен лауазым бойынша жалақы айырмасы 0,4-0,6% шамасында болуы мүмкін екенін айтты. Осы тәсіл негізінде әр тарап әр мамандықтың әр санаты бойынша ең төменгі және ең жоғары жалақыны анықтауы керек.

Алайда, бұл жауап Казанцевті қанағаттандырмады, ол түзету кәсіпорын басшылығы мен қарапайым қызметкерлер арасындағы жалақы айырмасын шешуге септтігін тигізе ме деп сұрады.

"Басшы әдетте басқару тізбегінің жоғарғы сатысында тұрады. Оның өзіне тән жалақы кестесі бар, одан төменде орынбасарлар, департамент басшылары және т.б. бар. Әр деңгейде тиісті ең төменгі және ең жоғары жалақы анықталады. Сол себепті қызметкер мен басшылық арасындағы айырмашылық әрдайым болады, өйткені басшылықтың жалақысы әдетте жоғары", - деп жауап берді Ертаев.

Аймагамбетовтың айтуынша, депутаттар бастапқыда заң жобасында бірдей жұмыс істейтін шетелдік және қазақстандық қызметкерлер жалақысы арасындағы айырмашылықты жоюды көздеген.

"Мысалы, бір кәсіпорында жергілікті және шетелдік шебер бірдей жұмыс істейді, бірақ екіншісі әлдеқайда көп алады. Біз осы мәселені шешпек болдық",  - деді ол.

Сонымен қатар, Аймагамбетов түзетулердің екінші оқылымына дейін басшылық пен қарапайым қызметкерлердің жалақы айырмашылығын азайту мүмкіндігін қосымша қарастыруға дайын екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Аймағамбетов Қазақстанда жұмысқа орналастыру ережелері өзгеретінін айтқан еді. 

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 15:55
Талқылау